Медицина • 14 Маусым, 2023

Медициналық технологияның игілігі

1834 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық нейрохирургия орталығында 15 жылда 60 мыңнан астам пациент емделіп, тәжірибелі хирургтер 40 мыңнан астам науқасқа операция жасаған. Кейінгі жылдары орталықтың жұмысын ширату мақсатында 70 медициналық технология енгізілген. Орталықтағы осы және өзге де орайлы істерге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық нейрохирургия орталығында ұйымдастырған баспасөз турында қанықтық.

Медициналық технологияның игілігі

Баспасөз турында алдымен Ұлт­тық нейрохирургия орталығының меди­циналық директоры Асылбек Қалиев орталықтағы медициналық қызмет­тер туралы, пациенттерді қабылдау алгоритмі мен озық технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар жайында тарқатып айтып берді.

– Былтырдың өзінде біздің орта­лықта МӘМС бойынша 4 мыңнан астам пациент емделді. Оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып жасалған операциялар бар. Сондай-ақ Гамма-пышақ технологиясы бойынша операция жүргізудің тиімділігін атап өт­кім келеді. Осы құрылғы ісіктерді, тамырлы және функционалды ми ауруларын трепанациясыз және наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Ме­дициналық көмектің бұл түрі 2021 жылы МӘМС бойынша көрсетілетін қызметтердің тізіміне енген. Былтыр біз осындай 460 операция жасадық, дейді А. Қалиев.

Орта­лық­тың тағы бір үлкен бағыты – омыртқа мен жұлын ауруларын хи­рур­гиялық емдеуге қатысты. Тіпті, ма­ман­дандырылған бөлімшенің дәрі­герлері өздігінен жүріп-тұра ал­май, жігері құм болып, үмітін үзген науқастардың аяққа тұруына мүмкіндік беретін омыртқаға жасалатын реконструктивті операцияларды да игерген. Осы жаңашылдықтар­дың арқасында 12 000 науқасқа опе­рация жасалған. Дәрігерлер эпилеп­сия­ны хирургиялық емдеудің жаңа­шыл әдістерін меңгерген. Сол секілді ба­ла­лар нейрохирургиясы бөлім­ше­сінде жаңа туған нәрестелерге ми по­­то­­логиясын хирургиялық емдеу әдіс-тәсілдері қолданылады. Осы бө­лім­шеде көбіне-көп эндоскопиялық операцияларға басымдық беріледі екен. Осы күні Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаменті­нің директоры Забира Оразалиева орта­лықта МӘМС шеңберінде іске асқан жұмыстарға тоқталды.

– Қазір бізде МӘМС-тің тарифін кө­­теру мәселесі туындап отырған жоқ. Ал нейрохирургия орталығы жа­йын­­­да айтар болсақ, мұнда медици­на­­лық сақтандыру жарналарын уақ­ты­­лы төлеп, сақтандырылған аза­мат­­тар жоспарлы түрде өзінің тір­кел­ген емханасынан жолдама алып, порталға кезекке тұрып, өзі­не қа­жетті медициналық көмекті алу­ға мүм­кін­дігі бар. Былтырғы статистикаға зер салсақ, 2000-ға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген, оның 1,5 мыңы МӘМС жүйесінде жасалып отыр. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар үзілмей, үйлесімді жалғасып келеді. Биыл ресми тіркелген жұмысы жоқ азамат­тар сақтандыруға ай сайын 3 500 тең­ге төлесе, ал жұмыс берушілер әр жұ­мысшы табысының 2% төлеп отырады. Мұнда жұмысшыларға аса салмақ түспейді. Өзіне-өзі төлейтіндердің соммасы ең төменгі мөлшерде бел­гілен­ген. Олардың 12 айдың төлемін бір­ден жасауға да мүмкіндігі бар. Бұл де­геніңіз сақтандыру қорына 2,3 жыл төле­меген азаматтар алдын ала 12 айға төлем жасап, сол аралықта сақ­тан­дыру мәртебесіне ие болады. Соған сай жыл бойы өзіне тиесілі меди­ци­на­лық көмекті алып отырады. Бүгін­де елде 3,5 млн-ға жуық азамат сақ­тан­дырылмаған. Бұл статистика күн­делікті жаңарып тұрады, – дейді ол.

Бұдан әрі орталықтың радиология және радиохирургия бөлімшесіне барып, жұмыс барысын бақыладық. Соның ішінде Гамма-пышақ аппа­ра­тының жұмыс істеу үдерісімен та­ныс­тық. Радиохирургиялық қон­дыр­ғыда радиоактивті сәулелер ісік­тің аймағында түйіседі. Сөйтіп, ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Мұндай операцияда мидың сау тіндері және науқастың денесі тұтас сәулеленбейді. Әрі науқасқа ауыр­лық салмайды. Сол үшін де Гамма-пы­шақ радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» саналады. Біз Гамма-пышақ құрылғысы орналасқан кабинетке өткенде сәулелік операциядан жаңа шыққан пациентпен пікірлесу­дің сәті түскен еді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған Өскемен қаласының тұрғыны орталыққа санаулы күнде-ақ келгенін айтты.

– Өскеменнен келдім. Екі жыл­дан бері осы аурумен алысып жүр­мін. Өскемендегі ауруханада дәрігерден кеңес алғаннан кейін небары 5 күн­нің ішінде медициналық сараптамалар­ды түгендеп Астанадағы осы орталық­қа квота арқылы бірден келдім. Диаг­нозымды айтар болсам, мидағы ісік метастаз беріпті. Осыдан кейін ден­саулығымыз жақсарып, бәрі жақсы болатынына іштей сенеміз. Өзімді жай­лы сезініп тұрмын. Медициналық сақ­тандыру жүйесінің арқасында тегін ем алдым. Енді бүгін Өскеменге қайтамыз, – деп сауығып кетеріне сенетінін айтты ол. Біз де алыстан арқаланып келген анаға ем шипалы болсын дестік.