Елорда • 07 Маусым, 2023

Әуежайдың жөні бөлек

238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық Әуежайлар кеңесі (ACI World) өткен жылы «Әлемдегі ең қарбалас 10 әуежайды» анықтады. 75,7 млн жолаушы күтіп алған АҚШ-тың «Атланта Хартсфилд-Джексон» әуежайы жолаушы санымен 2021 жылы иеленген ең қарбалас әуежайы атағын қорғап қалды. Сондай-ақ Ыстанбұл әуежайы халықаралық жолаушылар қатынасы саласында 26,5 млн жолаушымен әлемдегі ең қарбалас екінші әуежай атанып отыр.

Әуежайдың жөні бөлек

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елордадағы әуе айлағы 2022 жылы өз тарихында алғаш рет 6 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Аталған екі әуежайдың көрсеткішіне жетпесек те, құқық бұзатындар жетіп артылады. Осы орайда әуежай қызметкерлері жолау­шылардан жүктерін мұқият жинап, тыйым салынған заттарды тасымалдамау керек екенін еске салады.

Әуежайдағы бастан-аяқ тексеріске кейде наразы­лық танытатынымыз бел­гілі. Алайда кез келген әуе­жайда жолаушылар қатаң сақ­тауға тиіс ережелер бар. Мәселен, билетсіз ұшу ал­дындағы аймаққа өткіз­бей­ді. Багажды тіркеу орнына өткізіп, ұшақ бортына небәрі 100 грамнан аспайтын құтыдағы сұйықтықты алып өтуге болады. Мұнымен қоса қайшы, пышақ секілді өткір заттарды тасымалдау­ға тыйым салынған, тіпті косметикалық бұйымға жататын кішкентай қайшыны алуға да рұқсат жоқ. Десе де, «жолаушылар мұны үнемі естен шығарып, тексеріс қыз­метіне айтарлықтай кедергі келтіреді», дейді әуежай қыз­меткерлері.

Осы жылдың 3 айында Астана халықаралық әуежайы 660 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Әуежай баспасөз қызметінің басшысы Думан Мұхаметқалидің айтуын­ша, биыл әуе айлағы­ның авиациялық қауіпсіздік қыз­меті жолаушыларды тексеру кезінде 5 177 тыйым салын­­ған зат тәркілеген.

«Тыйым салынған заттар­дың ішінде 124 суық және газ қаруы, 66 бұрыш қосылған спрей мен электрошокер, 7 кастет, қару тектес 582 зат, 65 оқ-дәрі, 44 жарылғыш зат, 24 улы, коррозиялық және басқа да заттар бар. Сондай-ақ жолаушылардан 72,8 литр тез тұтанатын сұйықтықтар және әуе кемелерінде тасы­мал­дауға қатаң тыйым салын­ған 4 264 ықтимал қауіпті зат табылды. Көбінесе бұл бал­ға, балта, тесу және кесуге арнал­ған құралдар», деді Д.Мұхаметқали.

Бұдан басқа жолаушы­лардың багаж және қол жү­гінде деклара­ция­ланбаған ірі ақша сомалары анық­талып, ҰҚК және ҚМ МКК уәкілетті қызметтеріне жіберілген.

Сондай-ақ өткен жылы қауіпсіздік қызметі жолаушылардан 2 мыңнан астам атыс қаруы мен 67 780 оқ-дәрі­ні тәркілеген.

«Қазір жолаушылардың әуе тасымалы кезінде қауіп­сіздік мәселелері­не көбірек көңіл бөліп отырмыз. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті іс-шаралар кешені экипаж бен жолаушыларға қауіп немесе зорлық-зомбылық құра­лы ретінде пайдаланылуы мүм­кін ты­йым салынған зат­тары бар адамдардың бортқ­а кіруіне жол бермеуге бағыт­талған», деді әуежай баспасөз қыз­метінің басшысы.

Жолаушылар қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мәселелері арасындағы ымыра ретін­де әлемдік тәжі­рибеге сәйкес жолау­шы­ларды, қол жүгі мен багаж­­ды іріктеп тексеру қол­мен жүр­гізіледі. Думан Мұха­мет­қалидің айтуынша, Қаза­қ­станның авиациялық қауіпсіз­дік қағидалары әрбір рейс жолаушыларының жалпы санының кемінде 10 пайызын мұқият тексеріп шығуды талап етеді. Бұл ICAO халық­аралық қауіпсіздік стандарттарында да қарастырылған.

Сондықтан Астана әуежа­йында 2015 жылдан бастап рандомайзер функциясы бар аркалы металл іздегіштер пай­даланылады. Аталған құрыл­­ғылар жолаушылар­дың 10%-ын автоматты түрде және кез­дейсоқ тәртіппен таң­дай­ды. Мәселен, егер құрыл­ғы жұмыс істеп, белгі бер­ген болса, жолаушы аяқкиімін (құра­мында металл заттар болмаса да) рентген-теледидар қондырғысы арқылы бөлек қарау үшін шешіп, өзі қолмен іздеуден өтуі керек. Сонымен қатар скри­нинг қызметкерлері таң­дал­ған жолаушының қол жүгін мұқият тексеріп, әрбір зат­ты тексеруге мін­детті. Осы­ған орай, жолаушылар түсініс­тік танытып, скринингтік тек­серушілердің заңды талаптарын орындауы қажет.

«Тексеруден жалтарған жолаушыларды «Қазақстан Республикасының әуе кеңіс­тігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына сәйкес тасымалдауға рұқ­сат етілмейді», деп атап өтті Д.Мұхаметқали.

Сонымен әуежайда «ты­йым салынған» тізім мұны­мен шектелмейді. Тengritravel.kz сайтының мәліметінше әзіл-оспақты әуежай қызмет­кер­лері «түсінбейді». Тексеру қызметінің тұнжыраған ма­манының көңіл көтеру үшін әзілдесудің соңы жақ­сылыққа апармауы мүмкін. Мысалы, жолаушы суық қаруды үйінде ұмытып кеткені туралы айтар болса, тиянақты тінтуге ұрынып, тіпті полиция қызметкерлері араласуы мүмкін. Әуежай қыз­меткерлері белгіленген нұс­қау­лық бойынша жұмыс істей­ді, сол себепті олар әзіл айтып тұрғаныңызды пыс­қыр­мауы да мүмкін. Әсі­ресе бұл АҚШ, Канада және Еуропаның бірнеше елін­де қатаң сақталады.

Қолжүгін пленкамен орау­ға тыйым салынған. Мұн­дай күдікті багажды бірден тексереді, олар тіпті құрылғы арқылы қауіпті зат көрмесе де әбігерге салады. Мұндай қадамға жолаушы неліктен барғанын ешкім білмейді, бәлкім бортқа қауіпті зат алып кіру үшін, әдейі ештеңе көрсетпей арнайы материал қолдануы мүмкін.

Тексеру қызметінің мамандарымен мейлінше дау­ласпау қажет. Қауіпсіздік саласының қажетсіз тексеру ережелерін айтып, олардың есіне салу жөн емес. Олар үшін бұл белгі: «біртүрлі» жо­лау­шы, дереу шара қол­дану қажет. Ал шара түрлі болуы мүмкін.

Кеденшілердің сұрағын да жа­уапсыз қалдырмаған жөн. Олардың сұрақтары не әрекеті ақылға қонымсыз болса да жауап берген дұрыс. Үнсіз қалған жағдайда – жолаушы бақылау алаңында тұрып қалып, не болмаса мүл­де өте алмауы мүмкін. Кү­дік­ті ретінде қабылдап, қо­сым­ша тексеруге жібереді.

Роликтер мен самокат­тарға ты­йым салынады. Ро­лик­­­­тер, самокаттар, лонг­борд­­­тар, сегвейлер, велоси­пед­тер және басқа да қозғалыс құралдары әуежай аумағында тыйым салынған. Қолға алып жүруге болады, мінуге тыйым салынады.

Тағы бір маңызды жайт – әуежайда шуламау қажет. Музыканың дыбысын қатты қою немесе бейнежазбаны құлақ­қапсыз көруге ты­йым салынады. Кейде мұны жолаушылар елемей жатады, осылайша, басқаларға кедергі келтіреді. Ере­жеге бағынбаған адам­ға басқа жолаушылар әуе­жай қызмет­керлеріне шағым­дануы мүм­кін, осындайдан ескерту алуға да болады.

Әуежай қызметкерлерін суретке түсіруге тыйым салынады. Көптеген елдің әуе­жайларында «суретке түсіру­ге тыйым салынады» деген ескертулер тұрады. Әсіресе кеденшілер мен тексеру кезін­де әуеайлақ мамандарын суретке түсіруге не бірге суретке түсуге талпын­баған жөн. Мұның соңы жақ­сылыққа алып келмейді себебі.