Әлем • 29 Мамыр, 2023

Екінші кезеңдегі Ердоған жеңісі

987 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркиядағы президент сайлауының екінші кезеңінде Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Осылайша, ол Түркияның 13-президенті атанды. Ал оның басты бәсекелесі болған Кемал Кылычдароглу сайлаудың әділетсіз өткенін айтып отыр.

Екінші кезеңдегі  Ердоған жеңісі

Түркияның сайлау комиссиясы сайлаудың екінші турында қазіргі президент Режеп Тайип Ердоғанның жеңіске жеткенін ресми түрде жариялады. Жоғарғы сайлау комиссиясының мәліметінше, Ердоғанға – 52,14, ал оның қарсыласы Кемал Кылычдароглуға 47,86 пайыз дауыс берген. Екі кандидат ара­сында 2 153 473 дауыс алшақтығы байқалады. «Al Jazeera» арнасының хабарлауынша, дауыс беруге халықтың 85 пайыздан астамы қатысқан.

Саяси додадан кейін Ердоған Ыстанбұлда жақтастары алдында сөз сөйледі. «Президент сайлауының екінші кезеңі аяқталды. Халқымызға бізге сыйлаған демократия мерекесі үшін алғыс айтамын. Біз алдағы бес жылда елді басқарамыз», деді ол. Сон­дай-ақ Режеп Тайип Ердоған жи­налған халық алдында «Duyanlara duymayanlara» («Естігендер мен есті­мей­тіндерге») әнін шырқаған. Режеп Тайип Ердоған мен әйелі Эмине Ердоған Ыстанбұлдың Ускюдар ауда­нын­дағы «Саффет Чеби» бастауыш мектебінің сайлау учаскесінде дауыс берген болатын. Түркияның мемлекет басшысы №3279 бюллетеніне өз таңдауын жасап, дауыс берді.

«Albright Stonebridge Group» ұйы­мы­ның аға кеңесшісі Хакан Акбас Ердоғанның сайлауда «жеке тұлғаға табынушылықтың арқасында жеңіске жеткеніне» сенімді. «Оның жемісі гүл­денген науқаны бар, ол сайлауда қата­ры­нан бірнеше рет жеңіске жетті. Менің ойымша, бұл Ердоғанның ерекше тұлғасына көп қатысы бар, ол керемет спикер және оның халыққа берген уәдесі қарапайым, ақылға қонымды, сайлау округіне сенім ұялатады. Ол – тәжірибелі, шебер саясаткер», деді Хакан Акбас «Al Jazeera» арнасына берген сұхбатында.

Сарапшының айтуынша, ол – саяси данышпан. Сондай-ақ оның пікірінше, Ердоған жеңісінен кейін «мейлінше инклюзивті» болуы керек, өйткені дауыстардың көпшілігі сайып келгенде билеуші партия қалағандай көп болмады.

«Бұл өте поляризацияланған ел, шамамен 50/50. Жеңіс межесі 52-48-ге неғұрлым жақын болса, соғұрлым Ердоған инклюзивті болуы қажет. Бұл оның парламенттегі оппозициямен одақ құруы керек дегенді білдіреді. Дауыс беру нәтижелері билікке «қатаң ескерту», деді Хакан Ақбас.

Сонымен қатар «Hürriyet» газеті Реджеп Тайип Ердоғанның қазіргі же­ңісін бұрынғы сайлаудағы жеңіс­те­рімен салыстырғанда «маңыздырақ және қиынырақ» деп жазды. «Эконо­ми­каның жағдайы, жер сілкінісі, пандемия. Ердоған тағы да жеңіске жетті. Мұндай қиын кезде жеңіске жету – үлкен жетістік. Бұл жеңіс бұрынғы жеңістерден маңыздырақ», деп жазады «Hürriyet» баспасөзі.

Ал Түркия оппозициясының ортақ кандидаты Кемал Кылычдароглу Ан­ка­рада сөз сөйледі. Ол «бұл сайлау Түркия тарихындағы ең әділетсіз сай­лау болды» деп мәлімдеп, жақтас­та­рына демократия жолында күресе беретінін айтты.

«Reuters» ақпарат агенттігінің мәлі­ме­тінше, 14 мамырда өткен бірінші турда Кылычдароглуға Анкара мен Ыстанбұл қалаларының халқы көбі­рек дауыс берген. Онда сайлау­шы­лардың 85 пайыздан астамы дауыс бе­руге келген. Шетелдердегі сайлау­шылардың жартысынан көбі, Кылыч­дароглуды таңдаған. Түркия оппози­ция­сының ортақ кандидаты Кемал Кылычдароглу – 2002 жылдан бері Түркия парламентінің депутаты. 2010 жылдан бастап республикалық халық партиясын басқарады.

«Hürriyet» газетінің жазуынша, Түр­кия оппозициясы президенттік сай­лау­дың екінші турында өз кандида­ты жеңілгеннен кейін партия басшылығын, сондай-ақ көзқарастарын өзгертуі керек. Басылым шолушысының айтуын­ша, оппозицияның тығырықтан шыға­ра­тын екі жол бар. «Біріншіден, олар партия басшылығын өзгертуі керек, содан кейін «соқыр ойдан» арылуы ке­рек», делінген мақалада.

Еске салсақ, 14 мамырда өткен сай­лаудың бірінші турында канди­дат­­тардың ешбірі 50 пайыз дауыс жинай алмаған еді. Ол кезде Ердоған – 49,5, Кылы­чдароглу 45 пайызға жуық сайлаушылардың қолдауына ие болды. Ал күні кеше жеңіске жеткен Режеп Тайип Ердоғанды Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жар­қын жеңісі­мен құттықтап, екі ел ара­­сын­да­ғы ынтымақтастықтың одан әрі дами беретінін жеткізді.