
Түркітілдес 37 елге тарайтын халықаралық журналды Түркиядағы Еуразиялық жазушылар одағы (төрағасы Якуб Өмероғлы)шығарады. Айына бір рет оқырманға жол тартатын басылымның атауы қазақ тілінде «Бауырлас қаламдар» деген ұғымды береді.
Тобыл төріндегі Алаш қайраткері Сейдәзім Қадырбайұлына арналған халықаралық ғылыми конференцияға келген Түркия ғалымдарының айтуынша, «Kardeş Kalemler» әдеби-публицистикалық журналында елуден астам мемлекеттің ғалым-қаламгерлерінің мақалалары, өлеңдері мен прозалық шығармалары жарияланып тұрады. Кейде шығарушылар журналдың бүтіндей бір санын басынан аяғына дейін түркі әлемінің аса көрнекті тұлғаларына арнайды.
– Мысалы, былтыр Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай бұл журналдың қыркүйектегі саны толықтай Ақаңа арналды. Ұлт ұстазын зерттеушілердің еңбектерін жинап, баспаға дайындаған профессор Нергиз Бирай. Бәріміз бір-бір мақаладан қосып, сол жақта Ахмет атамыздың мұрасын барынша насихаттауға үлес қостық. Ол журналдың тұсаукесері Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінде ұйымдастырылды. Биыл журналдың бір саны Алаш қайраткері Сейдәзім Қадырбайұлына арналып отыр. Шындығында, Сейдәзім атамызды шетел тұрмақ, Қазақстанның өзінде көп адам біле бермейді. Сондықтан бастан-аяқ көпшілікке жылдар бойы беймәлім болып келген Алаш ардақтысының өмірбаяны, тұлғасы, елге еткен еңбегіне арнадық. Мұндағы мақсатымыз – қайраткерді Түркиядағы халыққа таныстыру және түрікше білетін жұртшылық арқылы әлемге таныту, – дейді PhD, Анкара қажы Байрам Уәли университетінің тарих профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ерджиласун.
«Kardeş Kalemler» журналының бүтіндей бір саны 2020 жылы қазақтың бас ақыны Абайдың 175 жылдығына арналғаны мәлім.
Қостанай облысы