Халық • 25 Мамыр, 2023

Қаладан халық көшкенмен...

304 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алған соң қаланы қазақыландырамыз деп ауылдағы ағайынды орталыққа көшіп келуге үндедік. Осылайша, урбанизация үрдісінің соңынан еріп кеттік, салдарынан бірлігі бекем ауылдардың іргесі сөгілді. Қалаларымыз да халықты қа­был­дауға дайын болмай шықты. Енді Үкімет бос қалған ауылдарды қайтадан жанға толты­руға күш салып жатыр. Қала тұрғындарын ауылға көшіруді көздеген жаңа жобаны іске қос­ты. Бастаманың игілігін көріп, халық қаладан ауылға ағылып жатыр ма?

Қаладан халық көшкенмен...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлттық статистика бюросының мә­ліметі бойынша, қазір ел халқының 38,2 пайызы – 7,5 миллионнан астам адам ауылда тұрады. Урбанизация қар­қынына байланысты соңғы жылдары ауыл халқының үлесі азайып келе­ді. Егер 2022 жылдың басында ауыл­дардағы халық саны 7 728 176 адам­ды құраса, 2023 жылдың басында бұл көрсеткіш 7 556 745 болды. Оның ішінде 3 832 903 – ерлер, 3 723 842 – әйел­дер. Ауыл тұрғындарының саны жағынан Түркістан облысы алда, онда­ғы ауылдықтар саны – 1 599 909 адам. Екінші орында Алматы облысы – 1 262 161 адам, үшінші орында Жамбыл облысы – 691 179 адам. Одан кейін Қызылорда облысы – 442 423 және Маңғыстау облысында 420 052 халық ауылдарда тұрады. Ал Ұлытау – ауыл тұрғындары ең аз шоғырланған өңір, онда облыс халқының 21 пайызы, яғни 46 328 адам тұрады.

Жалпы, ауылдықтар саны 7 өңірде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маң­ғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркіс­тан және Жетісу облыстарында басым. Ал қалған өңірлерде ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Әсіресе еліміздің батыс аймақтары – Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында соңғы он жылда 60 елді мекен ауыл мәртебесінен айырылды. Инфрақұрылымның жоқтығы мен жұмыссыздық ауылдардың тоз-тозын шығарды.

Негізі заңнама бойынша ауыл мәр­тебесі болу үшін ауылдағы тұрғындар­дың саны 50 адамнан кем болмауға тиіс екен. Ал ауылдың саны толық болмаса, ауылдық округтер саны да қысқарады. Өйткені бірқатар елді мекен ауыл мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орта­лығы ғана қалатын округтер бар. Заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден астам тұрғын болуы шарт.

Мысалы, Ақтөбе облысында соңғы үш жылда 17 мың адам ауылдан кеткен. Сол себепті де Үкіметтің биылдан бастап іске қосқан «Ауыл аманаты» жобасын Ақтөбе облысы Қазақстанда бірінші болып жүзеге асыруға кірісті. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, жыл басынан 60-тан астам отбасы (250-ге жуық адам) қаладан ауылдық жерге көшіп барған.

«Бұл жобаның ерекшелігі ауыл-аймақтарда тұратын азаматтарға қаржы­лық несиемен қатар тауар­лық несие де беріледі. Яғни мал шаруашы­лығымен айналысатын шаруалар танымал, малы көп шаруашылықтардан тауарлық, яғни мал есебінде несие ала алады. Осылайша, бұл меха­низм қарапайым тұрғындардың мал басын көбейтуіне, табысын артты­рып, отбасын асырауына үлкен көмек болады. Мәселен, биыл ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен ауыл тұрғындарына тауарлық несие ретінде 6 мың бас мал беріп жатырмыз. Тауар­лық несиенің тиімділігі сол, одан бюджеттің бірде-бір тиыны жұм­салмайды. Сондай-ақ несиенің қайта­рымы ақшалай емес, алынған төл есебі­нен болады. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3 220 бас мал берілді», дейді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Жалпы, Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасына 6 шағын қала және 134 селолық округ қатысып жатыр. Қазіргі уақытта 2,5% жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 776 отбасының жобалары мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды.

«Мысалы, ауыл тұрғыны қазір 4,5 млн теңгеге 10 сиыр сатып алды де­лік. Барлық сиырлар алдағы уақытта бұзаулайды. Бір-екі айдан кейін жобаға қатысқан шаруа малы төлдеп, мал саны екі есеге артады. Тек сүт сату арқылы ғана тіпті қала тұрғыны да таппайтын қомақты соманы табуға болады», деп мысал келтірді облыс әкімі.

Сондай-ақ жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз істерін бастаған. Мысалы, шаштараз, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, ветеринарлық дәріхана және т.б. Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі көлемін ірі шаруашылықтар өндіреді деген пікір бар. Алайда бүгінгі таңда өңірімізде жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріс басым. Мәселен, Байғанин ауданының 76 жастағы зейнеткер Құтым Қасенұлы бір ауланың өзінен жылына 9 тонна көкөніс алса, Ойыл ауданының тұр­ғыны Сапура Сағынқызы өз ауласынан 18 тонна көкөніс жинады. Олар ауылдастарының көкөніс­тер­ге деген қажеттілігін 20 пайызға қам­тамасыз етеді. Осындай 10-ға жуық жылы­жайдың ашылуы ауыл­дың ғана емес, барлық ауданның қажет­тілік­терін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, бүгінде құс етінің 90%-дан астамы сырттан әкелі­неді. Яғни ақтөбеліктердің ақшасы басқа адамдардың қалтасына түседі. «Бірақ әркім тіпті өз ауласында құс шаруашылығымен айналыса алады. Мұндай жобалар да бар. Жыл соңында жобаға қатысушы ауылдарда құс еті­мен қамтамасыз ету деңгейі үш есе артады, көкөніспен қамту 23%-ға, картоппен қамту 20%-ға артады», деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Жалпы, «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінген, Үкі­мет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге қарастырылған. «Қаражат то­лық көлемде игеріледі», деп сенім біл­дір­ді облыс әкімі. Нәтижесінде, жыл соңында жобаға қатысушы ауыл­дар­дағы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды.

Сонымен қатар аталған облыста ауыл-аймақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын қолайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету үшін «бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданған.

«Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» біріншіден, бір жыл ішінде 67 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, ауыл халқының 98,5%-ы сапалы интернетке қол жет­­кізеді. Екіншіден, біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын іске қостық. Ал ауылда медицина са­пасын арттыруға бағытталған «Фельд­шер сөмкесі» жобасы да бар. «Фельд­шер сөмкесі» – арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық. Оның көмегі­мен пациентке дұрыс диагноз қойып, тасымалдаусыз қашықтықтан ем­деу­ге болады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік игілік­терге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Ералы Тоғжанов.

Бұған қоса облыс «Абаттан­дырыл­ған ауыл» жобасын бастады, ауылдарды абаттандыру бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат есебінен де жүргізіліп жа­тыр.

«Қанатқақты режімде біз 27 мың­нан астам халқы бар 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Бүгінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 6 ауыл­ды абаттандыруға келісімге қол қойыл­ды. Тағы бір қауіпсіз ортаны қа­лыптастыруға, жасөспірімдер қылмы­сын жоюға бағытталған «Қауіп­сіз ауыл» жобасы жұмысын бас­тады. Бүгінде аймақта ішімдіктен бас тарт­қан 10 ауыл және соңғы 2 жылда бір­де-бір қылмыс жасалмаған 10 ауыл бар. Жыл соңына дейін Ақтөбе об­лысында қоғам белсенділері, өңір­­дің кәсіпкерлері, жастардың қаты­суымен өтетін іс-шаралардың нәти­жесінде қауіпсіз ауылдар саны 60-қа жетеді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағ­дарламасының аясында қабыл­данып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының жақын арада сезінетіндігіне сенімім мол», деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.

Осылайша, Үкіметтің «Ауыл ама­натын» Ақтөбе облысы өзге өңір­лерден өзгешеленіп іске асырып жатыр. Қазір ауылдан қалаға кет­кен­дердің емес, керісінше қаладан ауылға бет алғандардың ісі оң болып тұрған сыңайлы.

 

Соңғы жаңалықтар