Пікір • 11 Мамыр, 2023

Қызмет пен қошемет

942 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мақтағанды кім жек көрсін, бірақ шектен шыққан қошеметшілдіктің ақыры қайда апарып соғатынын пендесі бар болғыр бағамдай бермейді-ау. Қолпаштаудың арқасында көтерілген «биігінен» түсе алмай қалады. Келесі жолы да «асқаралы белестен» төмендегісі келмей, мақтан мінездемені іштей тілеп тұрады.

Ерді де еліртетін – бос мақтан. Әдебиет әлемінде Абайдан кейін, ғылымда әл-Фарабиді ғана алдыға салып, қайраткерлігі әлемдік реформаторлармен қатар айтылатын бір жаман ғадет қалыптасты. Әсіресе қолында билігі бар лауазымды тұлғаның сипаттамасы сұмдық. Бүкіл елдің шаруасын тындырып жатқан сол кісі. Әлгі лауазым иесі болмаса, халықтың күні қараң қалатын тәрізді...

Күн сайын айналасы сарнай берген соң, адам да пенде – «шынында да солай екенмін» деп қалатыны рас-ау. Өткен отыз жыл ішінде тұңғыш Президентке теңеудің, қошеметтің неше атасы айтылды ғой. Тәуелсіздік эйфориясының әсері ме, әлде басында шынында да солай көрінді ме, әйтеуір ел басшысы қолпаштау мен теңеудің түр-түрімен бейнеленді. Айнала біткен әп-сәтте «нұрланып» шыға келді. Ақыр аяғында әлемдегі ең бай тіл деген қазақ тілінің ішінен теңеу таппай әбден дағдарғанымыз бар. Соның барлығы зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жүзеге асты. Пендені, халыққа қызметшіні көкке көтеріп, пайғамбарлармен пара-пар жасаған да солар.

Естеріңізде ме, 1996 жылы қалыңдығы кере қарыс бір кітап шықты. Оның кімге арналғаны онсыз да түсінікті. Ширек ғасырға созылған «мақтау марафоны» осы жинақтан бастау алғандай. Ішіндегі тақырыптары қандай десеңші! «Біздің бақытымызға туған ұл», «Аға буынның алғысы мол», «Ел сенеді саған», «Ісі – оң, бағыты – мұратты», «Қырандай қанатыңды кеңге жайып», «Ұлы сенім», «Барлық ұлттың басын қосқан» – ұлт зиялыларының қаламынан туған дүниелер. Прагматикалық пайымнан гөрі зиялыларда эмоциялық көңіл күй басым ба дерсіз. Сергек ой болмаған тұста өмірді де, қоғамдағы өзгерісті де объективті түрде бағалай алмайды ғой. Ұлт зиялылары мемлекеттің мүмкіндігі мен қоғамның халін нақты пайымдай алмаса, елдің көш-керуені бағыт-бағдарынан айырылуы немесе жұртта қалуы заңдылық емес пе.

Жинақтың ішіндегі ақын Қадыр Мырза Әлидің «Елдің сәлемі» – ақиқатында да сол тұстағы «Құлақ асатын мемлекетке» қарата айтылған базына. «Бұзуға болмас табиғи тағдыр желісін, Биыл мен біраз аралап қайттым Ел ішін. Шындықты айту шынымен қиын кей кезде, Өтірікті айту одан да қиын мен үшін!». Өлеңнің соңғы екі қатарына еріксіз қосыласың: шындықты айту қиын болғанмен, өтірік айта алмайтын ақын оны айтуға мәжбүр. Өйткені, елдің сәлемі – елдің аманаты.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылда­ры­ның ортасындағы алаңдатарлық ахуал Қадыр ақынның көз алдында. Қаладағылардың тірлігі шүкіршілік болғанымен, ауылдағылардың жағдайы мәз емес-ті . «Далаға қарап алаңдай берем, алаңдай: Баяғы малдан қалыпты-ау босап далам бай. Жеткіз деп түгел жолдады сәлем Ел менен; Мен сізбен күнде сырласып жүрген адамдай» дейтіні сол Қадырдың. «Күнде сырласып жүрмесе де» мемлекет басшысына елдің сәлемін жеткізуге міндетті ақын. Өсер елдің ақыны ғана емес, жұртының жағдайын ойлаған әрбір азаматы осылай ойлауға, толғануға тиісті ғой. Ел басшысымен жақын «сырласатындардың» оны да, халқын да қандай күйге жеткізгенінен бүгінде түгелдей қоғам хабардар...

«Әртүрлі ойлар, әртүрлі пікір әр үйде... Көреген көңіл алдамшы сөзге ери ме?! Марапат, мадақ, мақтаудың бәрі – достық та, Сынаудың бәрі – дұшпандық емес, әрине!» Қадыр ақынның мұнысы – «дос жылатып айтады» дегені. «Халық үнін еститін мемлекет» болса. Алайда ол кезде билік тек қошеметті көбірек есітуге құлықты еді...

«Халыққа – қошеметшіл де бір, құл да бір», дейді ұлы Абай. Бұған бірдеңе қосу қиын енді. Санасы сергек, елдің жайын, халықтың қамын ойлайтын жан болса, жөнсіз қошеметтің ақыры қайырлы болмайтынын пайымдайды. Ал қошеметшіл кісілердің әділетке бет бұрған қоғамда да кездесуі құлдық психологиядан әлі арыла алмай келе жатқандығымыздың кесірі шығар?..

Айтпақшы, еркіне жіберсе, қазіргінің сарай ақындары мен шежірешілері де бар өнерін танытқалы тұр. Мүмкіндік берсе, бүгінгі биліктің де қолпаштауын келістіріп, олардың батыр бабаларын, би-даналарын түгендеп бергісі бар. Задында, лауазымды тұлғаның халыққа жасаған қызметі мен қошеметтің арасын бағамдай білгенге не жетсін.