Қоғам • 03 Мамыр, 2023

LRT ісі: Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сот үкімі шықты

357 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен отырыс барысында Astana LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

LRT ісі: Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сот үкімі шықты

Судья Виктория Семенованың айтуынша, Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан және сотқа келуден жалтарып жүргендіктен оларға сырттай үкім шығарылды. 

«Қанат Сұлтанбеков 1997 жылы енгізілген ҚР Қылмыстық кодексінің 235-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны туралы айғақ болмағандықтан сот оны ақтады. Дегенмен, ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігімен және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында жазылған қылмысты жасағаны үшін айыпталды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сұлтанбеков жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Қамауда ұстау мерзімі оның нақты ұсталған күнінен бастап есептеледі. 

Талғат Ардан Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі емес деп танылды. Алайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Талғат Ардан жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Қамауда ұстау мерзімі оның нақты ұсталған күнінен бастап есептеледі», деді судья Виктория Семенова.

Еске сала кетсек, Астандағы LRT ісі бойынша тергеу амалдары 2020 жылдың күзінде басталды. Тергеу барысында іске қатысы бар жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінді. Олар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Алайда кейін сот үкімді бұзып, іс қосымша тергеуге қайтарылды. Судья Көкжаловтың айтуынша, бірінші сатыдағы сот «сот тергеуінің біржақтылығы мен толық еместігіне жол берген».

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сұлтанбеков пен Ардан Интерпол арқылы іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Арданның Түркияда, ал Сұлтанбековтың АҚШ-та екенін анықтады. Олар «қызыл бюллетень» бойынша (тұтқынға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеуге жарияланған, алайда АҚШ заңына сәйкес, «қызыл бюллетень» іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз бола алмайды. Себебі олар көші-қон режимін бұзған жоқ.

Ал 12 тамызда Мәскеу прокуратурасы Сұлтанбеков пен Арданның Қазақстанда болмағанына қарамастан істі сотқа жіберген.