Қоғам • 28 Сәуір, 2023

Астанада мамыр айында 160-тан астам іс-шара өтеді

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелеріне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Бұл туралы Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада мамыр айында 160-тан астам іс-шара өтеді

«Мәдениет басқармасы мәдениет саласындағы мекемелермен бірлесіп, мамыр айына 160-тан астам іс-шара жоспарлап отыр. Сонымен бірге 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні, 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған 25-тен астам іс-шара өтеді.

1 мамыр күніне арналған іс-шараларға тоқталсам, «Сарыарқа» ауданындағы қалалық алаңда (Астана қаласы әкімдігі алдында) сағат 12:00-15:00 аралығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік концерт, театрландырылған көріністер, цирк көрсетілімдері, балаларға арналған және спорттық іс-шаралар, сауда жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Байтерек» монументі алдында сағат 12:00-15:00 аралығында концерт болады. Оған танымал өнерпаздар қатысады», деді Н.Қамзин Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұдан бөлек, 3 мамыр күні сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында «Чем дальше мы уходим от войны...» музыкалық-поэтикалық композиция жоспарланған.

Нұран Қамзиннің айтуынша, 4 мамырда ғалым, философ, дәрігер Ибн Сина (Авиценна) бюстінің ашылу салтанаты өтеді. Іс-шараға Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері қатысады деп күтіліп отыр.

Мұнымен қоса, 7 мамырда Nomad City Hall ғимараты алдында (сағат 12:00-13:00) ашық аспан астындағы мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Дәл осы күні «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңда (сағат 18:00-22:00) Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік іс-шара өтеді.

Ал 8 мамырда сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Ерлік жайлы естеліктер» атты мерекелік концерт басталады.

8 мамыр күні сағат 19:00 - де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» спектаклі өтеді.

9 мамырда Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Отан Ана» монументі алдында гүл шоқтарын қою дәстүрлі шарасы ұйымдастырылмақ.