Халық • 26 Сәуір, 2023

Тұрақтылық пен тұтастық тұғыры

276 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы басталды. Екі күнге созылатын іс-шара жұмысына 1300 адам, оның ішінде Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми, шығармашылық қауымның, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Тұрақтылық пен тұтастық тұғыры

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Биылғы сессия «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» деген атпен өтеді. Қатысушылар Әділетті Қазақ­станды құру мақсаты тұрғысында ұлт бірлігі құндылығын, жүйелі өзгеріс­терге саяси және қоғамдық серпін беруді, мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде ұлттық саясаттың мәнін, түрлі этностың үлесін, сондай-ақ олардың белсенді рөлін, т.б. мәселелерді талқылайды.

Сессияның секциялы жиыны  Назарбаев университетінде өтеді. Онда деле­гат­тар мен сарапшылар пікірталас алаңдарында жоғарыдағы тақырыптарды ортаға салады. Ал 27 сәуірде – сессияның Пленарлық отырысы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтеді.

1995 жылы 1 наурызда құрылған Ассамблея құрамында қазір 583 адам бар. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыстарда өңірлік ассамблея өкілдігі жұмыс істейді.

яап

Жыл сайын ел Президенті – ҚХА Төрағасының төрағалығымен өтетін сессия­ның барлық шешімі мемле­кеттік органдар үшін маңызды. Сессиялар арасында жұмыс істейтін Ассамб­лея кеңесіне республикалық этномәде­ни бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткер­лері, депутаттар, министрлер, облыс әкім­дері кіреді. Бүгінде Ассамблея кеңесі­нің құрамына 84 адам мүше. ҚХА-ның негізгі қызметі Конституция, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңына, сон­дай-ақ Президент Жарлығымен бекітілген ҚХА-ның 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасына негізделген.

Ал 2022 жылдан бастап ҚХА жоғары заң шығарушы орган – Парламент Сенаты­на өкілдік етті. Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚХА ұсынысы бойынша 5 депутат тағайындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі саяси реформаларды жүзеге асырудағы рөлін күшейту қажет екенін айтып, оның Мәжілістегі квотасын Сенатқа ауыстыру туралы ұсынысын білдірген еді.

«Бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын», деді бұл туралы Президент.

Қазіргі таңда республика бойынша 1000-нан астам этномәдени, оның ішінде 14 республикалық бірлестік жұмыс істейді. Оның ішінде 405 этномәдени бірлестік ҚХА-да аккредиттелген (14 республикалық және 391 өңірлік). Сондай-ақ еліміздің 17 өңірінде «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары жұмыс істейді, жаңадан құрылған 3 өңірде филиалдар ашу мәселесі қаралып жатыр. «Ассамблея жастарының» құрамында қазірдің өзінде 8000-нан астам мүше бар.

Достық үйлеріне келер болсақ, ол Ассамблеяның көпфункционалды ре­сурс­тық бірлестігі болып отыр. Бұған қатысты Қазақстан халқы Ассам­блея­сының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Достық үйлері жиналыстар мен салтанатты жиындар өтетін залға айналмауға тиіс деген еді.

«Достық үйлері ҚХА-ның халықтық бастамалары үшін ресурстық орталықтар және жобалық кеңселерге айналуға тиіс. Этномәдени бірлестіктер де бұл жұмысқа белсенді қатысуы қажет», деді Президент. Осыған орай Мемлекет басшысы бейінді министрліктер әкімдіктер көп адамды қамтитын республикалық жобаларды жүзеге асыру барысында Ассамблеяның, оның құрылымдарының жұмысына қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.

Сонымен қатар Ассамблея қызметін ғылыми тұрғыдан бағамдау мақсатында 2009 жылы ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Оның құрамына 58 ғалым енген, оның 35-і – ғылым докторы, 12-сі – ғылым кандидаты. Сондай-ақ зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар.

Кейінгі жылдары Ассамблея қоғам­да­ғы өзекті мәселелерді де қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиация институты құрылды. Ассамблея өкілдерінің айтуын­ша, бұл мекемелердің барлығы заңға сәйкес ұйымдастырылып отыр. Аталған мекемелердің жиындары мемлекеттік тілде өткізіліп, құжаттары да қазақ ті­лінде жазылады. Қазір өңірлерде облыс­тық, қалалық, аудандық, ауыл­дық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымдарында 1 072 ақсақалдар кеңесі, 1 712 аналар кеңесі жұмыс атқарып келеді. Олар жергілікті халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысып, кез келген жанжалдың алдын алуға тырысады.

ҚХА қызметінің басты бағыт­та­ры­ның бірі – қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы ме­диация институтын дамытуға кө­мек беру. Ассамблеяның медиация желісіне 1 республикалық және 19 өңірлік кеңес кіреді. Онда халық, мекеме, екі тарап ара­сын­дағы даулы мәселелерді шешуге, тіпті отбасылар арасындағы түсі­ніс­пеу­шілікті реттеуге 1 222 медиатор кеңес беріп, татуластыруға атсалысады. Осылайша, Ассамблея елдегі отбасы институтының да дамуына үлес қосып отыр. 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024