Қоғам • 18 Сәуір, 2023

Елордада көші-қон заңнамасын бұзған 57 шетелдік анықталды

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Елден шығарылғандар» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Бес күнінің қорытындысы бойынша полицейлер бұрын Қазақстаннан шығарылған, бірақ сот шешімін орындамаған 57 шетелдік азаматты анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада көші-қон заңнамасын бұзған 57 шетелдік анықталды

Шетелдік азаматтар елорда аумағында заңсыз жүрген.

Іс-шараны өткізу барысында Өзбекстан Республикасының 22 жастағы азаматы анықталды. Ол сот шешімімен 2021 жылы елден шығарылған. Шетелдікке қатысты мәжбүрлеп шығарып жіберу үшін 30 тәулік мерзімге қамауға алуға санкция берілді. 

Астана қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта 26 шетелдікке қатысты елден мәжбүрлеп шығарып жіберу үшін 30 тәулік мерзімге санкцияланған қамауға алу туралы шешім қабылданды. 

Полицейлер шығарып жіберу туралы шешімді орындамау қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде есептелетінін және қылмыстық заңнамаға сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтыратынын атап өтті. 

Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдіктердің елордада болуын, олардың шетелдік азаматтардың құқықтық жағдайы туралы заңнама талаптарын сақтауын, уақытылы елден шығуын тұрақты негізде бақылайды. Қала аумағында заңсыз көшіп-қонушылар мен ішкі істер органдарында уақытылы тіркелмеген құқық бұзушыларды анықтау мақсатында жүйелі түрде рейдтер жүргізіліп жатыр.