
Құрылысы қарқынды жүріп жатқан Тобыл өңіріне қабырғатастар негізінен Ресейден әкелінеді. Оған бәсеке бола алатындай жергілікті өнім аз. Өйткені шағын цехтардан шығатын жергілікті газблоктың арзанырақ болғанына қарамастан, жұрттың көбі сапасына қызығып, Ресейдің қымбат газблогын аттай қалап алып жатады. Ең өтімді тауар. Тіпті жаз ортасы – құрылыс маусымының нағыз қызған шағында қат болып кететіні де бар.
«RealtyKST» ЖШС енді шетелдік газблоктан арзан әрі сапалы өнім шығаруға бел буып отыр. Кәсіпорын басшысы Виктор Шастливыйдың айтуынша, жергілікті автоклавты газблок құм, цемент және әктің қоспасынан жасалады.
– Біз шығаратын блоктар экологиялық жағынан таза құрылыс материалдарына жатады. Егер өндіріс үдерісі туралы айтатын болсақ, қоспа үш сағаттың ішінде қатады. Содан кейін оны шикі күйінде кесуге апарады. Әрі қарай 12 сағатқа автоклавқа жіберіледі. Бағасы басқа газблоктардан төмен, себебі біз шикізатты өзімізден аламыз. Мысалы, гипс пен әк Павлодардан келеді, – дейді зауыт басшысы.
Жаңа зауыт орналасқан үлкен ғимарат бұрын базальттан минералды жылытқыш материалдар жасап шығаратын «Термомастер» деп аталатын өндіріс орнына тиесілі болған. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған бұл жоба құтты болмады. Жұмысын бастамастан, сәтсіздікке ұшырап тоқырап қалды. Өйткені зауытқа деп арнайы сатып алынған өндірістік құрылғылар сапасыз болып шыққан. Осылайша, еңселі ғимарат он шақты жыл бойы қаңырап бос тұрды.
Жаңа кәсіпорынның басшылары ауданы 15 мың шаршы метр болатын алып ғимаратты жаңартып, қайта бейімдеп, өндірісті іске қосуға шамамен 2 млрд теңге қаржы жұмсаған.
«2021 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Ғимаратты қалпына келтіріп, құрал-жабдықтарды орнатып шықтық. Биыл қаңтар айында газ блоктарының алғашқы легін құйып көрдік. Осылайша, өнім көлемін арттырып келе жатырмыз. Енді, міне, өндіріс толыққанды жұмыс істеп тұр. Қажет болса, аз ғана шығынмен өндіріс көлемін жылына 120 мың газблокқа дейін арттыруға мүмкіндік бар», дейді Виктор Шастливый.
Биыл өңірде 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 150 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Оған қажет қабырғатастың 70 пайызын «RealtyKST» серіктестігі шығаратын болады.
Қостанай облысы