Пікір • 13 Сәуір, 2023

Қадірі кеткен атақ

651 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыр Бауыржан Момышұлының көк дәптерінде мынандай жазба бар екен: «Ешкім генерал болып тумайды. Генералдар солдаттардан өсіп шығады». Бірақ, өкінішке қарай, қазір біздің қоғамда генерал болуды армандайтын солдаттардан гөрі, сол жауынгерлерге үлгі бола алмай жүрген генералдар көп.

Халықтың қабырғасын қайыстырып кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін бір ғана Жетісу облысында қос бірдей генералдың үстінен қылмыстық із қозғалды. Күні кеше Алматы облысы ҰҚКД-ның бұрынғы бас­тығына 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықса, қаңтар қырғыны кезінде қарулы күзетшілерімен бірге көзге түсіп қалып, артынан «қашқын» қамытын қиген Серік Күдебаевтың ісі «халықаралық іздеу жариялаумен» тығырыққа тіреліп тұр.

Екі шендіге де тағылған айып ауыр. Күде­баев Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігімен «ауыр зардаптарға алып келген қызметтегі әрекетсіздігі» үшін күдікке ілінді. Ал ҰҚКД-ның бұрынғы басшысы сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның үстіне бұл іс бойынша Президентке айыпталушыны генерал-майор арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді. Естеріңізде болса, дәл осындай ұсыныс осыдан үш жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің Кадрлар және әскери білім департаментінің бастығы болған генерал-майор Қайрат Көпбаевқа қатысты да айтылған еді. Ақмола гарнизоны әскери сотының үкімімен бес жылға соттал­ған Көпбаев мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан да өмір бойына айырылды. Ал оған тағылған айып – «жүйелі түрде қарамағындағылардан айтарлықтай мөлшерде пара алды» деген қылмыс.

«Құрметі» мен «Парасатынан» айырылып, 6 жылға түрмеге жабылған генералдардың қатарында Қайрат Сатыбалды да бар. Қасі­ретті қаңтарда «заңсыз бұйрықтар беріп», «әс­кери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қал­дырған» және «әскери жағдайда өз билігін асыра пайдаланған» бұрынғы Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Мұрат Бектанов та 12 жылын темір торда өткізеді.

Тізе берсек, абыройсыз тізімге ілінген жоғар­ғы шенділер – генералдар аз емес. Аты атал­ған­дармен қоса «аса ауыр сыбайлас жем­қор­лық қылмыс жасағаны», «қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны», «әдепсіз мінез-құлқына байланысты», «ірі көлемде пара ал­ғаны» үшін сотты болып, бар беделінен жұр­дай болғандары қаншама?! Соңғы отыз жыл­да бұл жоғары атақты алғандармен қатар абыройынан айырылғандардың да бір­талайы болды. Бір айта кетерлігі, Ішкі істер министр­лігінде жоғары басшы құрамның арнаулы атақ­тары туралы есеп 1998 жылдан бастап жүр­гізіледі екен. Сол уақыттан бастап 118 қыз­меткер жоғары басшы құрамның арнаулы алғашқы атақтарын алған. Ішкі істер саласында жүргізілген реформаға дейін елімізде 100 мың тұрғынға шаққанда 471 тәртіп сақшысынан келсе, қазір бұл көрсеткіш 369-ға дейін азайды. Бұл қазіргі еуропалық стандартқа тең. Ал бүкіл қарулы күштерде қазіргі таңда – 37, барлығы 144 (олардың ішінде запастағылар да бар) генерал бар. Ұлттық ұланның бір өзінде 50-ге жуық әскери қызметкер осы арнаулы атаққа лайықты деп танылған.

Жалпы, қазіргі таңда еліміздегі генералдың дені қорғаныс, ішкі істер, шекара, ұлттық қауіп­сіздік, прокуратура қызметтерінде. Өкініштісі сотталған немесе істі болған генералдар туралы арнайы статистика жүргізілмейді. Осыған қатысты сұрағымызға Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет өкілі «Біз белгілі бір әскери және арнаулы атақ­тар, сыныптық шен иелеріне қатысты бө­лек статистика жүргізбейміз», деп келте қайырды.

Рас, бір кездері генерал болу мәртебе еді. Жұлдызды пагон тағу атақ, даңқ, дәрежеден бұ­рын антқа адалдық пен мемлекеттік мүд­деге беріктіктің белгісіндей қабылданатын. «Генерал болуды армандамайтын жауынгер – жауынгер емес» деген арман-намысты қамшылайтын сөзбен бір ұрпақтың буыны өсіп шықты. Арнаулы атақты арқалап жүру – ең алдымен қатал тәртіп пен адал еңбектің нәтижесімен бағаланатын. Кейінгі уақытта осы түсініктің әлсіреп бара жатқаны ойлантады. «Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандардың» белден де, беделден де кетіп жүргені жақсылықтың белгісі емес. Ең өкініштісі, генерал деген дәреженің қадірі кетіп барады. Ал беделі кеткен адамның, соның ішінде әскери қызметкердің үлкенге де, кішіге де, балаға да, басқаға да қадірі қалмайды. Бір кеткен қадір қайтып орнына келмейді де...