Пікір • 12 Сәуір, 2023

Сауат пен сауап

560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта қоғамда қайырым­дылық барынша кеңінен насихатталатын қасиетті ай салтанат құрып тұр. Бұл айда жасаған ізгі істердің сауабы да көл-көсір. Алайда осындай шалқар шарапаттан құр қалмайын деп ниет қылғандар қаржы алаяқтарының қақпанына түсіп қалмауды да қаперде ұстағаны абзал.

Әдетте Рамазан айында бәлекет атаулының бәрі кісенделеді деген әуелден қалыптасқан түсінік бар ғой. Бірақ бұл пендені теріс амалдардан түгел сақтандырады дегенді білдірмейді. Дін мамандарының түсіндіруінше, қасиетті айда шайтандардың барлығы дерлігі кісенделмей, тек «мәрәдату шаятин», яғни жауыз, бірбеткей залымдары ғана кісенделеді. Ал қалған жын-шайтандар тұсалмайды екен. Сондықтан осынау ізгілік ескен айда адамдардың кеңпейілділігін пайдаланып, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып қалғысы келетіндердің кездесетіні күмәнсіз. Оның ішінде «қой терісін жамылған қасқырдай» қайырымдылық атын бүркемелеген қаржы алаяқтарының болуы әбден мүмкін. Өйткені былайғы күннің өзінде біраз жұрттың ақкөңіл, аңғалдығынан соңғы тиынына дейін айырылып қалғаны туралы фактілерді көптеп келтіруге болады.

Расында, бұл айдан басқа күндері де шарапатшыл адамдар бойындағы асыл қасиетінен айырылып қалмайтыны анық. Қайырымдылық болмысынан қанына сіңген рақымшыл халқымыздың қамыққан көңілді нақты көмекпен демеу, жылу жинау сияқты ізгі амалдары қоғамда қашаннан көрініс тауып келеді. Бұған өзіміз түгілі өзгелердің де көзі жетіп жатыр. Мысалы, 2022 жылдың Жаһандық қайырымдылық индексінде (The World Giving Index) Қазақстан 119 елдің арасынан бірден 14 орынға көтерілді, яғни бұрынғы 54-орыннан жоғарылап, 40-орынға тұрақтады. Бұл оң өзгеріске азаматтардың бір-біріне көрсеткен қайырымды істерінің көбейе түскені әсер етіп отыр. Сондай-ақ кейінгі екі жылдың көлемінде елімізде қайырымдылық ұйымдарының саны 20%-ға артып, 1 мыңнан асты. Мұндай қамқор қорлардың атқарып жатқан әлеуметтік жұмысының ауқымы орасан. Бұл қайырымдылықтың басым бөлігі жетімдерге (54,31%) және ауыр сырқаты бар балаларға (48,8%) бағытталып жатқаны да қуантады. Алайда осындай үлгілі көріністі көлегейлейтін, көңілге дақ түсіретін арам пиғылды әрекеттердің әрәдік орын алғаны шынайы жағдайға күдікпен қарауға мәжбүрлеп, сенімді әлсіретеді.

Бүгінгі таңда қаржы жымқыру мақсатында қайырымдылық атымен жасалатын қитұрқы әрекеттердің дені интернет жүзінде іске асады. Өйткені жалған қайырымдылық акцияларының «құрығы» – әлеуметтік желілер. Осы арқылы «демеушілерді» көптеп қамтуға мүмкіндік мол әрі онлайн аударымдар – олжаға кенелудің оңай жолы. Мысалы, қазіргі кезде интернеттегі кез келген бейне контентті көріп отырғанда кенеттен қосамжарланып жарнама шыға келеді. Ондай жарнамалардың ішінде өте аянышты халдегі науқас баланың бейнесімен қаржылай көмек сұраған бейне үзіктер де жиі кездеседі. Әрине, мұндай хабарлардың барлығын жалған деуге болмайды. Бірақ алданып қалмау үшін ақпараттың қаншалықты шынайы екенін барынша тексеріп алған жөн. Мамандар мұндай мәндегі хабарлардың ақ-қарасын ажыратудың бірнеше жолын ұсынады. Айталық, мәтіні де, суреті де біркелкі, бірақ ақша аударатын шоты басқа жазбалар жарияланып тұрады. Сондай-ақ бейнедегі науқастың мүлдем басқа адам болып шығуы немесе қайтыс болып кеткен адам болуы да мүмкін. Мұндайда бейнеде көрсетілген фотосуретті Google немесе Yandex-тің сурет іздеу функциясы арқылы тексеріп көру артық етпейді.

«Ауыр жағдайдағы науқас баланы» желеу етіп ақша жинайтын арам пиғылды қорлар да бар. Қайбір жылы «Үміт оты» атты қордың халықтан жинаған қаржысы баланың еміне емес, алаяқтардың қалтасына кетіп жатқан факті анықталған еді. Сондай-ақ Аружан Саинның «Мейірімділік» еріктілер қоғамы» қорының атынан ақша жинап жүрген алаяқ еріктінің әрекеті де әшкере болған. Ол да «кейіпкер» ретінде онкологиялық дертке ұшыраған баланы көрсеткен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өйткені қаржы алаяқтарына алданған адамдар айналамызда толып жүр.

Жалпы, әлеуметтік желілерде ұйымдас­тырылған жалған қайырымдылық акциялары анықталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады. Бірақ қанша жаза қолданылса да, қаржы алаяқтарының саны азаяр емес. Айласына құрық бойламайтын ондай аярлардан сақтайтын басты «сауы­т» – сауат, яғни қаржылық сауаттылық. Бұл сауаттылыққа өз қаржыңды тиімді жұмсау ғана емес, жымысқы қолдардан қорғай білу де жатады. Сондықтан қайырымдылыққа жұмсағың келетін адалынан тапқан ақшаң шын мұқтажға бұйыруы үшін сауапты іс жасауда да сауатты болған жөн.