Қоғам • 11 Сәуір, 2023

Мәулен Әшімбаев: Заң жобаларын әзірлеу жұмыстары ашық жүргізілуі керек

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықпен келісімді ратификациялау туралы мәселені қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Заң жобаларын әзірлеу жұмыстары ашық жүргізілуі керек

Палата отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді орындау аясында жаңарған Парламент жұмысының негізгі басымдықтарына назар аударды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы заң шығару қызметінде жаңа тәсілдерді қолданудың және мүдделі органдармен, сарапшылармен, өңірлердегі белсенді азаматтармен тығыз байланыс орнатудың маңызды екенін айтты. Палата Спикерінің айтуынша, мұндай жұмыс форматы әзірленіп жатқан құжаттарды жан-жақты талдауға және олардың сапасын арттыруға ықпал етеді.

«Заңдарды қарау кезінде талқылау процестерін барынша ашық, инклюзивті, жария түрде өткізуіміз керек. Мұндай қадам Парламенттің ашықтығын арттыруға септігін тигізеді. Сенат жұмысында өңірлердің және шалғай ауылдардың тұрғындарын алаңдатқан мәселелер, сондай-ақ сенаторлармен кездесулер кезінде көтерілген проблемалар ескерілуге тиіс. Бұл – біздің негізгі міндетіміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Келісім төтенше жағдайлар саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін құрылған арнайы Орталықтың қызметін реттеуге бағытталған. Нақты айтқанда, бұл құжат Халықаралық ұйымның Қазақстан аумағындағы қызмет шарттарын айқындайды. Заңды талқылау кезінде аталған Келісім төтенше жағдайлардың алдын алуға және осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға оң әсерін тигізуі керектігі айтылды.