Қазақстан • 10 Сәуір, 2023

Жаңа әуе рейстері

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осы жылы Сауд Арабиясының «Flynas» әуе ком­паниясы Қазақстанға тікелей рейстер ашады. Әуе рейстер екі ел арасында тұрақты қатынамақ. Эр-Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын «FlyNas» әуе компаниясының бас директоры Бандер Әл-Моханнамен кездесіп, келісімге келді.

Жаңа әуе рейстері

Елші әуе компанияның бас директорымен кездесуін­де Үкі­метінің екі ел азаматтарының іскерлік және турис­тік са­пар­ларын жеңілдету жөніндегі іс-шаралары, оның ішін­де Корольдік азаматтары үшін визасыз режім­ді ен­гізу және Қазақстан әуежайларында «әуе еркінді­гінің» бе­сін­ші дәрежесін пайдалану мүмкіндігі туралы сөз қозғады.

Бандер Әл-Моханна болса компанияның қазақстан­дық тараппен іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға деген қызығушылығын жоғары бағалап, биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясы қалалары арасында тікелей тұрақты әуе рейстердің іске қосылаты­нын мәлімдеді. Екі ел арасында «Airbus A330» жаңа ұшақтары қатынайды.

Сондай-ақ тараптар биылғы қажылық маусымында қазақстандық қажыларды Сауд Арабиясына тасымалдауға қатысты мәселелерді талқылады. Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шешімімен «Flynas» әуе компаниясы еліміздің қажыларын тасымалдайтын негізгі әуе тасымалдаушыларының бірі болып белгіленген еді. Осыған орай Берік Арын ел қажыларына барынша қолғабыс етуге, қолайлы бағамен тиісті қызмет көрсетуге және қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге басты назар салуды сұрады. Бандер Әл-Моханна өз тарапынан биыл қажылық жасауға ниеттенген қазақстандық қажыларға барлық қажетті жағдайлар жасалатынына сендірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Корольдікке туристерді көптеп тартуға және екі елдің туристік және әуе компаниялары мен ведомстволарының қатысуымен төртінші роуд-шоу өткізуге уәделесті.

Атап айтсақ, «Flynas» әуе компаниясы 70 ішкі және халықаралық бағыттар бойынша аптасына 1,5 мыңнан астам рейс жасайтын жеке саудтық лоукостер. Компанияның әуе паркінде жаңа «Airbus A320Neo» және «A330» ұшақтары бар.