Су тасқыны • 07 Сәуір, 2023

Тінтуірден төнген қауіп

223 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарасу ауданындағы Тінтуір өзені тасып, кемерінен асқан су Қарамырза ауылына кіріп кетті. Облыстық ТЖД мамандары су басқан елді мекендегі 35 тұрғын үйдің қауіпті аймақта қалғанын, Набережный көшесінде апаттық-құт­қару жұмыстары жүргізіліп, 15 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланғанын мәлімдеді.

Тінтуірден төнген қауіп

Фото: zakon.kz

Тұрғындар өз қалаулары бойынша көрші көшелердегі жақын туыстарының үйіне орналасып, құтқарушылар елдің қолындағы ірілі-ұсақты малды қауіпсіз жерге айдап шығарған.

552 адам тұратын Қарамырза тұр­ғын­дарына су тасқынынан төнетін қауіп туралы алдын ала хабарланған. Ауыл әкімдігінің ғимаратында ашылған жедел штаб мүшелері үйді-үйді аралап, тұрғындарға қандай көмек керек екенін анықтау, қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсету шарала­рын қолға алып жатыр. Қауіпті аймақта құрамында 36 адам, 13 техника, 3 қайық, 14 мотосорғы, 1 дроны бар құт­­қа­ру қызметі, жергілікті атқарушы орган­дар мен полиция күштері жүр.

Бүгінде Қарамырза, Зеленов, Желез­нодорожный, Октябрьск, Қарасу және Восток ауылдары ерекше бақылауға алынған. Қарамырза ауылында Тінтуір өзеніндегі су деңгейі мен еріген қар суын күні-түні қадағалап отыратын екі бақылау бекеті қойылған.

– Осыдан екі күн бұрын қардың күрт еруіне байланысты атыз-атыздан жиналып келіп құйылған қызыл судың салдарынан Тінтуір өзенінің деңгейі 2 метр 30 сантиметрге дейін көтерілді. Кемерінен асқан су 6-7 сағаттың ішінде Қарамырза ауылына жетті. Қазір бұл ауылдағы 35 тұрғын үй, 60 аула су астында қалып отыр. Көршілес Молодежный ауылында да бір үйді су басып кетті. Зардап шек­­кен­дер жоқ, жағдайды бақылауда ұс­тап отырмыз, – деді облыстық ТЖД-ның қо­ғаммен байланыс тобының өкілі Уәлихан Досанов.

Су тасқынына байланысты Қарасу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан халқымен кездесуінде тасқын судан зардап шеккен отбасылар үшін жаңа тұрғын үйлер салынатынын айтты.

– Су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет материалдық кө­мек көрсетеді. Жергілікті ауыл ша­руа­шылығы кәсіпорындарының бас­шы­лары баспанасын су басқан тұр­ғын­дарға қауіпсіз жерден жаңа үй­лер салып беруге уәде етіп отыр. Кәсіпкерлердің тұрғын үй салуға жұмсаған шығындарының 50 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады. Биыл су деңгейі 2,5 метрге көтерілді, сондықтан инженерлік құрылыстарды жасау мүмкін емес. Жалғыз дұрыс шешім – тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, – деді әкім.

Төтенше жағдай департаментінің соңғы мәліметінше, Қарамырза ауы­лын­дағы тасқын судың беті қайта бас­таған. Мамандар Тінтуір өзеніндегі су деңгейі 1 метр төмендегенін айтып отыр. Нәтижесінде, 17 үйдің айнала­сындағы су кері қайтқан. Қазірше 18 үй, 60 аула қызыл судың құрсауында қалып отыр. Эвакуацияланған 39 адам­ның 15-і өз үйлеріне қайтып оралған.

Қазір құтқарушылар жылжымалы мотосорғылардың көмегімен су басқан тұрғын үйлерді құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Қостанай облысы