Білім • 29 Наурыз, 2023

Ынталы жастар ғылымды алға жылжытады

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жігерлі жастардың қатары артып келеді. Олар нарықтың сұранысын нақты анықтап, жаңа идеяларды жүзеге асыруға ұмтылады. Солардың бірі – Сәтбаев Университетінің «Биомедициналық инженерия» мамандығының 3-курс студенті Ақжол Нұрданәлі. Ол науқастың қызыл иегінің ауырсынуын анықтайтын жаңа құрал жасап шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ынталы жастар ғылымды алға жылжытады
Бұл жоба өткен жылы басталған. Алматы стоматологиялық колледжінің директоры Сәтбаев Университетіне жұмыс сапарымен барып, жас ғалымдармен кездескен. Жиында стоматология саласының қиыншылықтары талқыланған еді.
«Бұл кездесу әлі есімде. Сол кезде біз тіс протезін орнату кезінде қызыл иектің ауырсыну процесін талқыладық. Бұрын тістің ауырсынуын дәрігер өз қолымен анықтайтын. Бірақ әр адамның ауруы әртүрлі ғой. Жасанды тіс салдырған адамдардың жақ сүйектері қатты ауырып, дәрігерге қайтадан келеді екен. Сондықтан тіс мамандарына науқастың қызыл иегінің сезімталдығын, оның ауырсынуын анықтайтын құрал қажет болды. Осыны естігеннен кейін мен бірден мұндай құрылғыны қалай жасау керектігі туралы ойланып, шабыттана түстім», дейді Ақжол.
Ақжолдың негізгі мамандығы – электронды медициналық құрылғыларды құрастыру. Жоба «Қызыл иек сезімталдығын өлшейтін құрылғы» деп аталды. Құрылғының жұмысы дене қызуын өлшеуге арналған құрылғыларға ұқсас болып келеді. Дегенмен, бұл құрылғы сезімталдық деңгейін өлшеп, тіс дәрігеріне науқастың қаншалықты ауыратыны туралы нақты ақпарат береді.
 
Жобамен айналысатын ғалымдар тобы нарықты зерттеп, әрі шетелде жасалған құрылғыларды салыстырып, біздің елде де осындай өнім өндіруді ұйымдастыру мақсатымен жұмыс істеді. Дегенмен, қажетті құрылғы нарықтан табылмай, команда құрылғыны жаңадан құрастырып жасады. Осылайша, әлемде теңдесі жоқ құрал пайда болды.
 
Қазіргі уақытта жас ғалымдар өз өнертабыстарын сынақтан өткізіп, жан-жақты жетілдіріп жатыр. Ақжол Нұрданәлінің ойлап тапқан өнертабысының сәтті шығуы тек Алматыда ғана емес, тұтас Қазақстанның стоматология саласындағы жаңалық болмақ.