Президент • 29 Наурыз, 2023

Президент: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық

325 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент жаңа сайланған депуттардың жемісті қызмет ететініне сенім білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық

Мемлекет басшысы депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігін еске салып, олардың алдағы 5 жыл ішінде халықтың көңілінен шығатындай іс атқаратынына сенім білдірді.

«Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте, депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент осы науқанға азаматтардың белсенді атсалысқанын атап өтті және сайлауда жеңіске жету үшін жүйелі стратегияның маңызды болғанын айтты.

«Осы науқанға өте көп адам қатысты. Бұл – қалыпты үрдіс. Олардың арасында мақсаты, ұстанымы әртүрлі жандар бар. Қазір елдің көзі ашық, көкірегі ояу, саяси сауаты жоғары. Кез-келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет. Халықтың және тарихтың алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Бір сөзбен айтсақ, ұзақ мерзімді, жүйелі стратегияның арқасында ғана жеңіске жетуге болады», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ сайлауға түсіп депутат бола алмаған кандидаттардың белсенділігі үлкен тәжірибе екенін атап өтті.

«Қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл – үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік. Баршаңызды Қазақстан мүддесі үшін жұмылып жұмыс істеуге шақырамын», деді Тоқаев.