Аймақтар • 28 Наурыз, 2023

Алматыда 60 келі есірткі тәркіленді

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Алматы қаласының полицейлері 60 келі есірткі тәркіледі, оның 7 келісі синтетикалық есірткі түрлеріне жатады. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда 60 келі есірткі тәркіленді

Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда есірткі заттарына қатысты 205 қылмыс анықталды, сондай-ақ есірткі сатуға қатысты тағы 35 деректің жолы кесілді.

«Осылайша, жалпы сомасы 187,5 млн теңге болатын 30 мың доза әлеуетті тұтынушыларға жетпей қалды. Бұл ретте синтетикалық есірткі шығаратын 3 есірткі зертханасы жойылды. Есірткі қоймасын ұйымдастырудың 2 дерегі және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 1 дерегі анықталды. Жалпы, Алматы полицейлері 60 келі есірткі тәркіледі», деді Салтанат Әзірбек.

Спикердің айтуынша, синтетикалық есірткіні онлайн сату мәселесіне тосқауыл қою мәселесі қолға алынған.

«Биыл 27 есірткі курьері, есірткі тарататын және жарнамаланатын 73 интернет-ресурс анықталды. Интернеттегі ақпаратты одан әрі бұғаттау үшін барлық деректер «Кибернадзорға» жіберілді», деді ол.

Жыл басынан бері Алматыда 300-ге жуық профилактикалық іс-шара жүргізілді. Әсіресе, нарколог-дәрігерлермен бірлесе, ақпараттық жұмыс жүргізуге баса назар аударылды.