Экономика • 27 Наурыз, 2023

Шағын фермерлерді не алаңдатып отыр?

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егіс науқаны басталып кетті, ал басқа облыстарда жақын арада басталғалы тұр. Алайда шағын фермерлердің ағымдағы жағдайға көңілі толмайды. Олардың айтуынша, жылдан жылға бір проблемалар тізбегі өзекті болып қала беруде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шағын фермерлерді не алаңдатып отыр?

«Жыл сайын шаруалар жеңілдікпен бөлінген дизель отынының қымбаттау мәселесін көтереді. Фермерлер үшін жанармай құны өте маңызды мәселе, өйткені астықтың өзіндік құнында отын 25-тен 30%-ға дейін алады. Қазірдің өзінде шаруалар дизель отынын нарықтық бағамен алып жатыр деуге болады. Біз ақпараттық вакуумдағыдай тұрмыз: дизель отынының мұндай бағасы неден тұратыны туралы еш жерде айтылмайды», деп атап өтті Ұлттық агроқозғалыстың төрағасы Алмасбек Садырбай.

Ақкөл ауданындағы «Земляне» ШҚ басшысы Николай Шульга да арзандатылған отынның жоғары құнына шағымданады.

«Біз 200 гектарға бидай, астық, арпа, сұлы егеміз. Биыл біз Судан шөптерін көбірек себуді жоспарлап отырмыз. Есептегенімізше, 1 гектарға кез-келген техникаға орта есеппен 10 литр дизель отыны қажет. Жанармайдың құны жоғары. Егер жанармай құю бекеттерінде дизель отыны 230 теңгеге сатып алынса, онда «арзандатылған» отын бізге литріне 217 теңгемен сатылады. Айырмашылық өте аз және шаруаларға бұл айтарлықтай көмектеспейді. Бағасы 200 теңгеден төмен болуы керек, сонда ол байқалады», дейді шаруа.

Ұлттық агроқозғалыстың пікірінше, мәселенің шешімі көктемгі дала жұмыстары кезеңінде дизель отынына акциздің төмендетілуі болуы мүмкін: өткен жылдан бастап акциздер тоннасына 9300 теңгеден 35726 теңгеге дейін қымбаттады.

«ЖЖМ құнын төмендетудің тағы бір шешімі көктемгі егіс жұмыстары кезінде дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу болуы мүмкін», деп ұсынды Агроқозғалыста.

Тағы бір маңызды мәселе – өнімді сату. Ақмола облысы, Шортанды ауылындағы «Аян» ЖШС басшысы Бауыржан Мұхамедьяев жыл сайын бидайдан жақсы өнім алып, алайда өнімді қайда сататынын білмейді.

«Өткен жылы біз Ресей бидайынан қатты қысым көрдік. 2-3 жылдан кейін ғана мемлекет көлікпен әкелінетін сұр импортты жабу керек деп ойлай бастады, бірақ әзірге механизм жоқ. Ал бұл біз үшін үлкен проблема», дейді шаруа.

Фермерлердің айтуынша, оларға қаржы жетіспейді, басқаша айтқанда, төмен пайызбен 5-7 жылға айтарлықтай сома қажет.

«Бүгінде бізге Аграрлық несие корпорациясынан, Азық-түлік корпорациясынан ақша түседі, бірақ бұл ақша «қысқа», яғни біз оны қаңтар-наурыз айларында аламыз, ал қазан айында қайтаруымыз керек. Сонымен қатар барлық фермерлердің ауыртпалығы – кепілдің болмауы. Мысалы, АНК менің ауылдағы үйімді небәрі 200 мың теңгеге бағалады. Яғни біздің кепілге ұсынатын ештеңеміз жоқ», деп атап өтті Бауыржан Мұхамедьяев.

Ұлттық агроқозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбай шағын фермерлерге жыл сайын мемлекет тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген қаражаттың аз мөлшері беріледі деп есептейді.

«Биыл көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың негізгі көлемі ірі агрохолдингтерге кепілмен қамтамасыз етілуіне байланысты кетеді. Сондықтан шағын фермерлер үшін несие алу кезінде талаптарды қайта қарау және жеңілдету қажет. Мысалы, өндірістің бес жылдық тарихын ескере отырып, осылай шағын фермерлерге кепілдікпен несие беруді ұсынамыз», дейді агросарапшы.

Өзге мәселелердің қатарында фермерлер ауылшаруашылық техникасының тозуын және тым қымбаттауын айтып жатыр. Осы салдардан шаруалар ескірген жабдықтармен жұмыс істеп, қосымша ауылшаруашылық техникасын жөндеуге қаражат жұмсауға мәжбүр. Мұның бәрі Агроқозғалыс басшысының айтуынша, өнімділіктің төмендігіне және өнімнің жоғары құнына әкеледі.

«Осыған қоса ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттығына кәдеге жарату жинағы да әсер етеді. Сонымен қатар Өзбекстанда аграрлық техникаға салықтар, ҚҚС, әкелу бажы, кәдеге жарату жойылды. Ресей де кәдеге жарату жинағынан бас тартты. Қазақстан әлі күнге дейін агротехникаға кәдеге жарату алымы бар жалғыз ел. Дегенмен бұл агросалаға кері әсер ететіні бұрыннан дәлелденген», деп түйіндеді Алмасбек Садырбай.