Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Ақтауда есту және сөйлеу қабілетінен айрылғандар дауыс берді

188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдің түкпір-түкпіріндегідей Ақтауда да бүгін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Туған қаласының, облыстың, сондай-ақ бүкіл елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу мүмкіндігін әрбір кәмелетке толған қазақстандық пайдалана алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда есту және сөйлеу қабілетінен айрылғандар дауыс берді

Оралбаевтар отбасының мүшелері - Дінмұхамед пен Ольга ерекше мұқтаж жандар.  Олар естімейді.  Ольга Оралбаева үлкен қызымен шаштараз мамандығын үйреніп, қазір сұлулық салонында жұмыс істейді. Екі кіші қызы әлі оқу орындарында білім алады.  Таңертең олар да басқа сайлаушылар сияқты сурдоаудармашымен сайлау учаскесіне келіп дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

«Сайлау – бұл өз дауысыңызды беру және Қазақстанның қоғамдық өміріне қатысу мүмкіндігі.  Біз үшін еліміздің болашағы маңызды, сондықтан біз осында келдік»,  деді Ольга Оралбаева. 

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше,  Маңғыстау облысында 418 002 сайлаушы тіркелген, оның 20 579-ы әртүрлі топтағы мүгедектер.  Олардың 7970-і ерекше қажеттіліктері бар: 992-сі көру, 580-і есту, 5542-сі тірек-қимыл аппараты бұзылған, 856-сы мүгедектер арбасын пайдаланады. 127 сайлау учаскесі ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі үшін толық жабдықталған, 49 нысан жартылай қолжетімді.