Сайлау • 08 Наурыз, 2023

Теледебатқа қатысушылар тізімі бекітілді

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы­ның кезекті отырысы өтіп, онда 16 наурызда өтетін теледебат­тың жай-жапсары талқыланды. Жиында «Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірлегені айтыл­ды. Соған сәйкес теледебат үш раундта өткізілмекші. Отырыста комиссия мүшелері пікірсайысқа қатысатын партия өкілдерінің тізімін бекітті.

Теледебатқа қатысушылар тізімі бекітілді

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төр­ағалығымен өткен жиында бұдан бөлек, «Электрондық үкімет» порталында аза­маттар­ды тіркеу орны және сайлау учас­келері­нің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді тек­серу онлайн-сервисін іске асыру, шет мем­лекет­тер мен халықаралық ұйымдар­дың байқаушыларын аккредиттеу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу жайы қозғалды.

Отырысқа облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақ­тық сайлау комиссияларының төраға­лары мен мүшелері және осы өңірлердің әкім­дері аппараттарының басшылары онлайн қатысты. Бұған қоса жиынға саяси пар­тиялардың, бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері, Бас прокуратураның, ішкі істер, қаржы, цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистр­ліктерінің жауапты лауазымды адам­дары және «Хабар» агенттігінің басшылығы ша­қы­рылды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау миссиясының және ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері қатысты. Басқосудың бейнебаяны сурдоаударма арқылы интернет-ресурс және Youtube арнасы арқылы таратылды.

Жиында баяндама жасаған ОСК мүшесі Анас­тасия Щегорцова теледебат барысын­да қатысушылар өздерінің сайлау бағ­дар­­ла­масымен сөз сөйлеуге, қарсылас­тары­на сұрақ­тар қоюға, сайлаушылардың сұрақ­тары­на жауап беруге, сондай-ақ сайлау­шы­ларға үндеу жасауға мүмкіндік алатынын айтты.

– Регламентте қатысушыларға қойы­ла­тын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезекті­лігі, пікірсайыс өткізу тілі мен ұзақты­ғы бел­гіленеді. Орталық сайлау комиссия­сының қаулысымен пікірсайысты өткізу рег­ламенті келісіліп, кандидатура­ларын саяси партиялар ұсынған теледебатқа қатысу­шылардың құрамы бекітілді. Оған «Аmanat» саяси партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» Халықтық-демокра­тия­лық патриоттық партиясынан Жигули Дай­рабаев, «Respublica» партиясынан Айдар­бек Қожаназаров, Қазақстан Халық пар­тия­сынан Ермұхамет Ертісбаев, Қазақ­станның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ЖСДП партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысады деп бекітілді, – деді А.Щегорцова.

Сондай-ақ Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман халықаралық байқау инс­титуты ашылғаннан бері 16 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 165 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады.

– Бүгінде аккредиттеуге 23 шет мемлекет пен 6 халықаралық ұйымнан 157 байқаушы кандидатуралары ұсынылды: Әзербайжан, Армения, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Ирак, Испания, Италия, Норвегия, Ресей, Румыния, Сербия, Словакиядан – 1; Канада, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Польша және Хорватиядан – 2; Мажарстан, Литва, Түркиядан – 3; АҚШ-тан 4 кандидатура. Сондай-ақ ТМД байқаушылар Миссиясы – 77 және ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы 11 кандидатура жолдады. Түркі мемлекеттері ұйымы байқаушылар миссиясынан – 6; Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясынан – 20; Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінен – 2 және Халықаралық Түркі академиясынан 3 кандидатура ұсынылды, – деді ол.

Отырыста ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімі бойынша үлкен жұмыс атқарғанын айтты.

– Өткен сайлау науқандарының тәжіри­бесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлау­шы­лар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды және дауыс беру күні сайлаушылар тізіміне енгізу үшін жүгінеді. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, сайлау науқанына екі онлайн-сервистің жұмысы бойынша бірлескен актілерді пысықтап, дайындады. Біріншісі, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру, екіншісі, сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу жұмысы нақтылануда. Азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің мәні: e-gov порталы арқылы сервиске кіруге рұқсат берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушы жазбаша өтініш жасаған кезде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тұрақты тіркелген орны туралы ақпарат ала алады. Өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Керісінше жағдайда сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тарту туралы дәлелді шешім қабылданады және өтініш берушіге оның көшірмесі беріледі. Бұл сервис 4 055 сайлау учаскесінде қолжетімді, – деді ол.

Айта кетейік тұрғылықты жері бойын­ша тіркеуден шығарылған және бұрын сай­лаушылар тізіміне енгізілмеген аза­мат­тардың сайлау құқығын іске асыру мақ­сатында сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша үй-жайда уақытша тіркеуге болады. Мұндай мүмкіндік респуб­лика бойынша 188 учаскеде ұсынылған.

Отырыста Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бақылау және азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу тетіктері жайында сөз қозғады. Ол дауыс беру күні азаматтар eGov mobile қосымшасы, сондай-ақ танымал банктердің мобильді қосымшалары арқылы цифрлық құжаттарды ұсына алатынын құлаққағыс етті.

Өз кезегінде Нұрлан Әбдіров түпнұс­қаның аналогы болып табылатын цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұра­ныс­қа ие бола бастағанын атап өтті.

Бұған қоса жиында сайлау науқанын өт­кізуге дайындық барысында учаскелік сай­лау комиссияларының мүшелері құжат­тардың дұрыстығын тексеру бойынша қосым­ша оқытудан өткені айтылды. Сондай-ақ азаматтарды электронды құжаттарды пайдалану мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақсатында Орталық сайлау комиссия­сы дайындаған екі тілдегі бейнеролик көр­сетілді. Онда сайлаушылар тізіміне аза­мат­тарды қосу және тексеру, есептен шы­ғару куәліктері, сайлау учаскелерінің үй-жай­ларынан тыс дауыс беру, шетелде дауыс беру және тағы басқа сайлау науқанының 11 тақырыбына қатысты мәліметтер айтылады. Бұл бейнебаян алдағы күндері респуб­ли­калық және өңірлік телеарналардың эфир­лерінде көрсетілмекші.

Басқосуда комиссия төрағасы Орт­сай­лау­ком мүшелері сайлау инфрақұ­ры­лы­мының дайындығын, сайлау­ды ұйымдастырушылардың қызметін тек­серетін, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсететін өңірлерге сапарларын жалғастыратынын хабарлады. Сонымен қатар сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жос­парларына сәйкес аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары бірқатар қажетті іс-шара өткізілетінін мәлімдеді. 2023 жылғы 9 наурызға дейін тиісті аумақтық сайлау комиссияларының жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы шешімдері сайлаушыларға жеткізілетін еске салды.