Мектеп • 02 Наурыз, 2023

18 оқу ошағы салынады

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды өңірінде 2025 жыл­ға дейін 18 мектеп бой кө­тереді. Ал биыл заман талабына сай өзгеше форматтағы 10 мектептің құрылысы басталады. Жайлы мектептердің жер телімін ресімдеу, инженерлік коммуникациялар жүйесін тарту, жылдамдығы күшті интер­нетпен қамту мәселелерін жер­гілікті билік Samruk-Kazyna Construction компаниясымен бірлесе реттемек.

18 оқу ошағы салынады

Үкімет қаулысымен Samruk-Kazyna Construction «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы негізінде салынатын мектептер құрылысының дирекциясы болып анықталғаны белгілі. Компанияның басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, қазір жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті атқарушы органдармен келісімшарттар жасалып жатыр.

«Келісімшарттың мәні – әкімдік­тер тапсырыс берушінің міндетін атқа­ратындығында. Біз барлық қа­жетті конкурстарды өткіземіз. ЕРС-келісім­шартында жобалаудан бастап, құры­лыс және құрал-жабдықпен қам­туға дейінгі барлық жұмыс қарас­тырылады. Бұл ауыл мен қалада, мега­полисте салынатын мектептің бәрі оқушыларға бірыңғай стандарттағы жайлылықты теңдей қарастырады», деді М.Айманбетов.

Мектеп жобалары оқушы саны­на қарамастан бір типтес болады. Сәулеттік дизайны да ортақ. Зама­науи жиһаздар, құрал-жабдықтар, бейне­бақылау жүйесі болуы шарт. Әрбір мектепте STEM-зертхана, роботтехника бөлмелері, спорт және жаттығу зал­дары, коворкинг орталықтары болады. Ерекше балаларға кедергісіз орта қалыптастыру да назарда.

Сонымен алдағы жылдары аймақта түрлі сыйымдылықтағы жайлы мектептер салынады. Олардағы оқушы саны 300-ден бастап 2 мың орынға дейін жетеді. Биыл Қарағандыда – 4, Балқашта – 1, Бұқар жырауда – 3, Шет ауданында 2 мектептің құрылысын бас­тау жоспарда тұр. Осы жылы іргетасы құйылған білім ордалары 2024 жылы тапсырылуға тиіс. Сондай-ақ 2024-2025 жылдарға тағы 8 мектептің құры­лысы жоспарланған. Олар Қара­ған­дыда, Абайда, Қарқаралыда, При­озерскіде, Нұрада салынады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паевтың айтуынша, аймақта «Жайлы мектепті» жүзеге асыру үшін жол картасы бекітілмек. Ұлттық жоба ар­қылы үш ауысымдағы, апатты жағ­дайдағы мектептер жойылады және орын тапшылығы мәселесі реттеледі.

Жалпы, бұл ұлттық жобадағы құры­лыстарды іске асыруда отандық өнім­дер қолданылмақ. Мәселен, бү­гін­де Қарағанды облысында 500-ге жуық компания ықтимал өнім беру­ші тізімінде тұр. Мұндай тізімді облыс­тың кәсіпкерлер палатасы жа­сақ­тайды. «Жиһаз шығаратын отан­дық өндірушілердің тізілімі жасалып жатыр. Алдағы уақытта олар «Жай­лы мектеп» жобасын іске асыру кезін­де Samruk-Kazyna Construction-ға ұсы­нылады. Бүгінде Қарағанды облысынан осы тізімде 495 компания енді», деп хабарлады облыстың кәсіпкерлер палатасы.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар