Қоғам • 18 Мамыр, 2024

Қолжетімді ортаға қадам

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Ертіс-Баян өңірінде мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 225 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны қайта бейімделген. Қоғамда қолжетімді орта құру міндеттері біртіндеп іске асып келеді.

Қолжетімді ортаға қадам

Қазіргі уақытта елімізде 2025 жылға дейін Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылып жатыр. Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан аса басым нысандар айқындалды. Оның аясында 2021-2022 жылдары 8 мыңнан аса нысан бейімделді. Ал өткен жылдан бастап 2027 жылға дейін жыл сайын кемінде 5 мың нысан (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс деген жоспар бар. Кейінгі үш жылдың қорытындысы бо­йынша елімізде 13 857 нысан осы талап­қа сәйкестендірілді.

Павлодар облысында былтыр бейімделуге жоспарланған 276 нысан­ның ішінен жергілікті атқарушы органдар 225 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаты үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 108 нысан – білім беру, 20 нысан – денсаулық сақтау, 46-сы – мемлекеттік мекемелер және тағы басқалар.

«Менің байқауымша, денсаулық жағдайының ерекшеліктеріне байланысты мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша Павлодар қаласындағы жағдай жыл санап жақсарып келеді. Мемлекеттік мекемелер мен жеке ғимараттардың иелері (дүкендер, дәріханалар, т.б.) өз нысандарын құрылыс нормаларына сәйкестендіріп жатыр. Мысал үшін, мен үйіміздің жанында орналасқан дүкенге, Қамзин көшесіндегі пош­та бөлімшесіне, орталық стадионға мүгедектігі бар адамдардың кресло-арбамен кіру мәселесі бойынша көңілім толмайтынын айтып, ескерту жасаған едім. Өтініштерім тыңдалып, барлығы түзетілді, табалдырықтар, пандус орнатылды», дейді бірінші топ мүгедектігі бар Нұрлан Қадырқұлов.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және өзге де сала­лардағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 70 тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою туралы 65 ұйғарым берілді, 2,5 млн теңгеден аса сомаға 12 әкімшілік айыппұл салынды.

 

Павлодар облысы