Су тасқыны • 18 Мамыр, 2024

Тасқынның жалғыз құрбаны

54 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавлдың Ойқала шағын ауданын 13 сәуірде тасқын су басқанда үйлерінің төбесіне шығып, ұйықтап қалған ағайынды екі жігіттің бірі жоқ болып кеткені туралы айтылып, оның әзірге табылмай тұрғаны жеткізілген.

Тасқынның жалғыз құрбаны

Сол күндері күн райы да аздап жылы болған. Ағайынды екі жігіт қаннен-қаперсіз үйдің төбесінде дем алып, жата берген. Сол күні 3 мыңдай адам күндіз-түні жұмыс істеп, іргесін бекітіп, үстін биіктеткен дамбаны тасқын су жарып кетіп, қалаға ағылды. Үйіне сұп-суық, мұзды судың көтеріліп келе жатқанынан шошып оянған екі жігіттің бірі жан даусы шығып айғай салады. Сол кезде резеңке қайықпен жүрген құтқарушылар оны өзде­ріне мінгізіп алып, ажалдан құт­қа­рады. Ағасының да осында бол­ғанын айтқанымен, екіншісі табылмайды. Ол, бәлки, оянған бетте суға құлап, тұншығып қал­ған болуы керек. Құтқарылған жігіттің айтуына қарағанда, олар су әлі келе қоймайды деп ойлап, демалып алмақ болған екен. Сол кезде осы маңдағы судың биіктігі 1,5-2 метрге дейін көтеріліп, үйдің шатырына жеткен.

Жоғалған жігіттің мәйіті тек 13 мамыр күні, су қайтқан соң ғана табылып отыр. Полиция оның ажалына сырттан қандай да бір күштің әсер етпегенін айтады. Дегенмен мәйіт қазір сот-медициналық сараптамаға жіберілген. 

Қазір қаланың кәсіпорын-мекемелерінің бәрі сенбіліктер өткізіп, судан құрғаған шағын аудандардағы қалың қоқыстарды тазалап жатыр. Мұнда су бұзған шағын үйлермен қатар тасқын ағызып әкелген неше түрлі қоқыс­тар шығып жатыр. Ойқала шағын ауданында ПД әкімшілік полиция басқармасының қызмет­кер­лері демалыс күні жалғыз тұра­тын зейнеткердің учаскесінде шағын сенбілік өткізді.

«Полиция қызметкерлеріне риясыз көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді, погон таққан адамдар бос уақы­тын­да келіп, бүлінген жиһазды шы­ғаруға көмектесті, қоқысты бөлшектеді, аумақты тазалады. Сіздерге рахмет!» деді зейнеткер.

Сондай-ақ ұзақ уақыт бойы аралға айналған Прибрежное ауылының тұрғындарының бірі қайтарылған мал үшін учаскелік инспекторға шын жүректен алғыс айтты. Судың тез келуіне байланысты ер адам баспанадан асығыс түрде кетуге мәжбүр болып, қорадағы бордақыға қойған қошқарларын құтқаруға уақыт болмапты. Мәжбүрлі эвакуация­дан бір ай өткен соң ғана ауыл тұр­ғыны учаскелік инспектор Қайыртай Нұрғалиевтің көме­гі­мен эвакуацияланған малдар арасынан өз қойларын тапты.

«Көптеген адамдар малдарын тастап кетуге мәжбүр болды. Оларды аман сақтап қалу басты міндеттеріміздің бірі болды. Жұмыс ұйымдасқан түрде жүргізілді, үлкен сумен арпалыс кезінде ауылда қалған жергілікті тұрғындар да бізге белсенді түрде көмек көрсетті. Бәріміздің күш-жігерімізбен мал ұрлығына жол бермедік, құқықтық тәртіп тиісті деңгейде қамтамасыз етілді», дейді полиция аға лейтенанты Қ.Нұрғалиев.

Ал облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауда­нын­­­дағы су тасқынынан зардап шек­кен ауылдардың бәрін аралап шықты. Өңір басшысы Боголюбово, Прибрежное, Надежка, Тепличное, Соко­лов­ка ауылдарының тұрғын­да­рымен кездесті. Ауылдық­тар­ға үйді жөндеу, сатып алу бойынша ережелерді түсін­дірді. Қызылжар ауданында 1,5 мың үйді су басты, бүгінге дейін 500-ге жуық үй тексе­рілді. Тұрғын үйлердің пайда­лануға жарамдылығын анықтау үшін техникалық зерттеу жүргізіліп жатыр. Үйлерді қалпына келтіру, жөндеу жұмыс­тарымен Қызылжар, Ақ­қайың аудандарының механи­ка­лан­ды­рылған жасақтары айналысып жүр. Кейбір баспаналарды үй иелері өздері де жөндей алады. Бұл үшін мемлекет үй иесінің шотына ақша аударады, сомасы бағалау комиссиясының шеші­міне байланысты болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы