Қазақстан • 27 Ақпан, 2023

СІМ Шенгеннің «қара тізіміне» қатысты түсініктеме берді

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Шенгеннің «қара тізіміне» енуі нені білдіретінін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СІМ Шенгеннің «қара тізіміне» қатысты түсініктеме берді

Айбек Смадияровтың айтуынша, 2017 жылдан бастап Қазақстан Еуропалық одақтың барлық елдерінің азаматтары үшін визасыз режим енгізді. Қазіргі уақытта СІМ визалық рәсімдерді жеңілдету үшін және Қазақстан азаматтары үшін өзара қолайлы тетіктерді әзірлеу мақсатында еуропалық әріптестермен консультацияларды жалғастырып жатыр.

«Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келетін болсақ, біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда, жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Сонымен қатар Шенген келісімінде «қара» немесе «қызыл» тізім деген ұғым жоқ, бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған», деді СІМ өкілі.

Оның айтуынша, мұндай консультациялар жеті күнге созылуы мүмкін. Бұл ретте визалық сауалнамаларды жалпы қараудың стандартты мерзімі бұрынғыдай қалады – 15 күнге дейін.

«Қайталап айтқым келеді - іс жүзінде біздің азаматтар үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды. Азаматтарына қатысты қосымша консультациялар басталуы мүмкін 40 ел кіретін тізім «қара тізім» деп аталмайды, өйткені олардың арасында Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынастары бар және қауіпсіздік жағынан қолайлы Орталық Азияның барлық елдері, Әзербайжан, Армения, Марокко, Тунис, Иордания, Вьетнам сияқты көптеген елдер кіреді», деп түсіндірді Айбек Смадияров.