Қаржы • 27 Ақпан, 2023

Қазақстаннан қай елге көп қаржы аударылды?

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2022 жылы Қазақстаннан шетелге ақша аударымдары жүйесі (ААЖ) арқылы жіберілген қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асқан, деп хабарлайды Egemen.kz ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстаннан қай елге көп қаржы аударылды?

Фото: shutterstock.com

Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артық. Осы ретте айта кету керек, Қазақстаннан шетелге аударылатын қаржының жылдық көлемі екінші жыл қатарынан 1 трлн теңгеден асып отыр. Бұл ретте транзакциялар саны 2,6 млн-нан 2,5 млн-ға дейін азайды. Яғни шетелге бір аударым бойынша орташа түбіртектегі сан 2021 жылы 391,5 мың теңгеге тең болса, 2022 жылы 415,3 мың теңгеге көбейген.

Қазақстаннан аударылған барлық аударымдардың жартысынан көбі Өзбекстан мен Түркияға жіберілген. Өзбекстанға 289,8 млрд теңге (2021 жылғы қаңтар–желтоқсанға қарағанда 2,9%-ға аз), Түркияға 271,9 млрд теңге (2021 жылға қарағанда 28,9%-ға көп) жөнелтілді. Ресейге де қомақты қаржы жіберілген: 196 млрд теңге, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10,6%-ға көп.

Қазақстаннан жөнелтілген ақша көлемі бойынша алғашқы 5 елдің қатарына Қырғызстан (73,9 млрд теңге) және Грузия (70,9 млрд теңге) кірді, ал былтырғымен салыстырғанда Қырғызстанға аударым көлемі екі есеге жуық азайса, Грузияға керісінше 2,2 есе өскен.