Спорт • 25 Ақпан, 2023

Алматыда «Қалқан-2023» қысқы спартакиадасы аяқталды

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Спартакиадада Қазақстанның барлық өңірлерінен 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер бақ сынасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Қалқан-2023» қысқы спартакиадасы аяқталды

Қатысушыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі Армия үйінде өтті. «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін жарыстың аяқталуымен атақты спортшылар – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев құттықтады.

Жарыс 3 шақырымға шаңғы тебу, пневматикалық мылтықтан оқ ату, маңдайшада тартылу, денені шалқасынан жатып көтеру сайыстарынан тұрды.

Жеке біріншілікте 14 жастағы жасөспірімдер арасында Абай облысынан келген Михаил Беленков, 15-16 жаста – Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Роман Жеребило, 17-18 жаста - Батыс Қазақстан облысынан келген Роман Харчев чемпион атанды.

14 жас санатындағы қыздар арасында Абай облысынан Дарья Девяткова, 15-16 жас аралығында Батыс Қазақстан облысынан келген Наталья Панова, 17-18 жаста астаналық Александра Крутова үздік шықты.

Командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы, үшінші орынды Астана қаласының командасы иеленді.

- Спартакиада атауының өзінде терең мағына жатыр. Қалқан - қорған деген сөз. Бұл әрқашанда спортты жанына серік ететін, мықты, шымыр, епті болашақ Отан қорғаушылардың сайысы. Осындай іс-шараларға қатыса отырып, балалар жақсы тәжірибе жинап, алдына жаңа мақсат қойып, тіпті достар табады. Алдағы уақытта бұл жобаға қолдау көрсетілетініне сенімдімін, - деп өз ойымен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы капитан Мейірбек Меңдіғалиев бөлісті.

Іс-шара Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен «Жас сарбаз» балалар студиясы филиалының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.