Аймақтар • 25 Ақпан, 2023

Марат Ахметжанов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың 2023 жылға жоспарланған халықпен кездесуі Маңғыстаудан басталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Марат Ахметжанов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті

«Достық» үйінде өткен кездесу барысында ведомство басшысы азаматтарға ең алдымен Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету концепциясы туралы айтты. Құжаттың маңыздылығына тоқталып, басты бағыттарын саралап, ерекшеліктерін түсіндірді.

Сонымен қатар шара барысында аймақтағы криминогендік ахуал туралы ақпарат берілді. Министр жалпы қылмыстың 66%-ы облыс орталығында жасалатынын атап өтті. Маңғыстауда 71 ұрлық, 1 мал ұрлығы, сондай-ақ жыл басынан бері бір ай ішінде 26 алаяқтық фактісі тіркелгені айтылды. Өңірде әкімдік пен полицияның нәтижелі жұмысының арқасында көпшілікке үлгі болған ауылдар туралы да мағлұмат берілді. Маңғыстау ауданының Оңды ауылы мен Түпқараған ауданының Таушық ауылында қабылданған шаралардың тиімділігінің арқасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар сұрақ қойып қана қоймай, түрлі мәселе бойынша өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді. Марат Ахметжанов әдеттегісінше аймақ журналистерімен жүздесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Ал даулы мәселемен жүгінген азаматтарды министр жеке қабылдады. Қызмет басшыларымен бірге түйткілді сұрақтың түйінін шешуге атсалысты. Алаяқтарға алданғандар, тергеуге көңілі толмағандар, қылмысы ашылмай әуреге салынғандардың барлығына құқықтық негізде жауап беріп, әрбір істі жеке бақылауға алды. Министр облыстық полиция департаментінде де болды. Мұражайға соғып, өлке полициясының тарихымен танысты. Айта кету керек, 2019 жылы жаңартылған музей сол жылы Қазақстандағы полиция департаменттері мұражайлары арасында үздік үштікке кірген. Мұражай меңгерушісі Ақбала Едігеқызының сөзінше, кең үш залда 1,5 мыңнан астам құнды жәдігер бар.