Инфографика • 23 Ақпан, 2023

Жеңіл өнеркәсіп: ірі өндірістің маңайына топтасады

421 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Стратегиялық тұрғыдан тара­зыласақ, жеңіл өнеркәсіп азық-түліктен кейін екінші орында. Азық адамға қалай қажет болса, киім-кешек те тап сондайлық сұранысқа ие. Өнеркәсіптің аты жеңіл болғанымен, заты ауыр. Кейінгі жылдары көп кен­желеп қалды. Енді ғана көшін түзеуге тырысып келеді. Әйт­кенмен, көсіліп кете алмай тұр. Өйткені оның да өзгелер секілді сыртқа беймәлім, тек өзіне аян іштен жеген проблемалары баршылық.

Жеңіл өнеркәсіп: ірі өндірістің маңайына топтасады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қарағандыда шағын кәсіпорындар белдеуі құрылады

Қарағанды аймағының тоқымашы­лары мен ісмерлері билікпен бірлесе осы мәселелерді талқыға салды. Ал­дағы уақытта өңірдегі ірі өндіріс маңа­йын­да жеңіл өнеркәсіптегі шағын кәсіп­орындар топтасып, өзара ынты­мақ­тастықты нығайтатын белдеу құрылады. Сол арқылы тоқыма кәсіпорын­дарының екінші тыны­сын ашу көзделеді.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, негізінде бұл саладағы кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отырса керек. Мысалы, былтыр аймақта кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 23 жеңіл өнер­кәсіптегі өндіріс орны несие алуда мем­ле­кеттік кепілдендірілген субсидия­лау тү­ріндегі қолдауға ие болды. Бұл – 2 млрд теңгеден астам қаражат. Ал биыл бизнесті дамытуға өңірдің төл бағдар­ламасы да үлес қосады деген жоспар бар. Ол – «Кәсіпкер» деп аталатын өңірлік бағдарлама. Аймақтық бағдарлама жеңіл өнеркәсіпке де дем беруге тиіс.

– Біздің кездесуіміз ірі бизнес төңірегінде шағын кәсіпорындар белдеуін құруға, өңірдегі кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталған. Саланың дамуына мемлекеттік қолдау шара­лары оң әсер етеді. 2022 жылы кәсіп­­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жо­­ба аясында жеңіл өнеркәсіптің 23 жо­басы қаржыландырылды. Биыл кәсіп­керлікті дамытудың «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы қосымша көмек болады, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Жалпы, бір ғана аймақта емес, елдегі барлық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жүйе құраушы ірі өндіріс орындарына шығарады. Түсінікті тілмен айтқанда, солардың тапсырысына сай арнайы қажетті киім-кешек­тер тігеді. Аймақтағы жеңіл өнер­кәсіп бұл орайда былтыр 5,2 млрд теңгеге өнім өндірген екен. Өңір­­дегі жеңіл өнеркәсіптің өрісі тек өн­­діріс болмауға тиіс. Мем­ле­кет­тік сатып алуға да қатысуы­на мүм­кіндігі бар.

Мысалы, отандық тауар өндіруші­лерді қолдау мақсатында 2022 жылы Қара­ған­ды облысында денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеумет­тік бағдарламаларды үйлестіру басқар­малары арқылы жеңіл өнеркәсіп өнім­дерін өздеріне қарасты мекемелерге мемлекеттік сатып алу орталық­тандырылған тәртіпте жүзеге асырыл­ған. Құзырлы орындар сатып алған өнімдер қатарында төсек жабдықтары, бір рет киілетін бахила, киім-кешектер және тағы да басқа өнімдер бар.

«Мемлекеттік сатып алуға  Қарағандының тауар өн­­­діру­­шілері де қатысты. Олардың қата­рын­­да «Ютария» ӨИК, «Біздің форма», «Самотекстиль», «Еско», «Азия-техно» секілді өнеркәсіптер бар. Бүгін­­де жеңіл өнеркәсіп саласы өнім­дерін сатып алуға 950 миллион теңге қарас­ты­рылған», дейді Экономика басқар­масының басшысы Азамат Мұқанов.

Басқармалар тарапынан ауқымды мемлекеттік сатып алу білім, денсау­лық сақтау, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеумет­тік бағдарламаларды үйлестіру басқар­масына тиесілі екен.

        

Шикізат пен маман қат

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы, «Еско» компаниясының директоры Андрей Шмарин өңірдегі шикізаттың қат екеніне қарамастан, аймақта жеңіл өнеркәсіптің шама-шарқынша жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бірақ ол проблема жоқ деген сөз емес.

«Кез келген өндірістің тірегіне айнал­ған төрт дүние бар. Ол – шикізат­пен қамтамасыз ету, екіншісі – маман, үшіншісі – қаржыландыру, төртіншісі – тауардың тұтынылуы. Осы төртеуіне әрбір сала тәуелді. Бұл тек жеңіл өнеркә­сіпке ғана қатысты емес. Шикізат­қа келсек, Қарағанды облысында ауқымды көлемде шикізат материал шығаратын өндіріс жоқ. Олар негізінен Оңтүстік Қазақстанда орналасқан. Отандық шикізат, қажетті сапалы жіп пен фурнитура жоқ», дейді Андрей Шмарин.

Екінші мәселе – маман. Жеңіл өнеркәсіпте маман тапшылығы сезіліп отыр. Комитет төрағасының айтуын­ша, мамандар әлеуетінің  қайта құрылымдауы жүріп жатыр. Осылайша, жастардың өзге мамандықтарға қайта бейімделуі белең алып барады. Бұрын жылына 1000 адам тігінші мамандығын меңгерсе, қазір жылына аймақта 100-ге жетер-жетпес тігінші диплом алады. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп қажет еткен ондаған мамандық иелері тапшы дейді Андрей Шмарин.

«Қазір осы жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтін мамандарды ауыстыратын жас мамандар даярланбайды. Мәселен, 315 колледж бар. Оның бәрі техникалық емес, әрине. Арасында гуманитарлық та бар. Дегенмен осы барының 198-і мемлекеттік аттестаттаудан өтпей қалды дейді ресми деректер. Яғни үштен екісі. Даярлықтан өткен мамандардың жоқтығы, колледжде салалық мамандықтар бо­йынша берілетін білім сапасының төмен­дігі, түлектердің кәсіпорындармен байланыссыздығы, оқушыларды болашақ кәсібіне бейімдемеу сынды проблемалар бар. Колледж бітірген түлектер жұмысқа ешбір кәсіптік бағдарсыз келеді. Кәсіпорындар мамандарды қайтадан оқытып-үйретуге мәжбүр. Жұмыс күші біліктілігінің кемдігінен еңбек өнімділігі төмендей бас­тады. Әзірге кәсіпорындар бұрынғы егде кадрларымен күн көруде. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, кәсіп­орын­ның дамуы мен жаңғыруына кедер­гі келетіні сөзсіз», деді «Еско» компа­ния­сының директоры.

Осыған байланысты ол дуальды білім алуды күшейту қажет, колледж түлегі оқуының соңғы 1,5 жылында кәсіпорындарда тікелей білім алуы керек деп біледі. «Сонда олар өздерінің кәсіби дағдыларын дамытып, қайда және неге бара жатқандарын білуші еді. Мемлекеттің оларға оқуға жұмсаған ақшасын текке шашпайды», дейді.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша,  аймақта тігіншілерді оқытатын 4 мемлекеттік және 2 жекеменшік оқу орны бар. Бұл колледждерде тігінші мамандығын 359 адам меңгеріп жатыр. Кадрларды даярлауға 30 кәсіпорын қатысады.

«Биыл 130 адам оқуын тәмамдайды жә­не олардың қайда жұмыс істейтіндік­тері де белгілі», дейді басқарма басшысы.

Дегенмен кәсіпкерлер статистика­ның шындықпен қабыспайтынын айтады. Маман таппай «ашығып» отырған жанның бірі – «Абай» тігін фабри­касының басшысы Нұрхан Жұмабеков.

«Қазір біз жұмысымызды ұлғайт­қы­­мыз келеді. Бірақ маман тапшы. Дәл қазір 150 адамды жұмыспен қамтуға әзір­мін. Алайда ондай маман жоқ. Бізге дуальды жүйемен оқитын студент­тер тәжірибеден өтуге келген емес. Бүгінде білікті тігінші 200-250 мың теңге айлық алса да, сала кадр тап­шы­лығынан зардап шегіп отыр», дейді.

 

Банк пен кеден  өнеркәсіпке дос емес

Қаржыландыру мәселесі де жеңіл өнеркәсіптің жолын байлап отыр. Банктің жоғары пайызды несиесі мен кепілге мүлік талап етуі де әлі шешімін таппай келеді. 

«Даму» қоры арқылы ықпал етуге қадам жасалғанымен, ол да айтарлық­тай әсер ете алмайды. Мүліктік кепіл деген оңай іс емес. Батыста «банк – тауар өндірушінің досы» деген қағи­дат бар. Ал бізде банк несиесінің мөл­шер­лемесі жоғары да, банкке кепіл­ге қойылған заттың құны төмен бағаланады», дейді Андрей Шмарин.

Оған қоса, А.Шмариннің ай­туын­ша, кеденнен емін-еркін өтететін контрафакті тауарлардың көптеп келуі елдегі жеңіл өнеркәсіпке кері әсер етеді. Сұраныс аз болған соң кәсіп­орын­дардың толық қуатта жұмыс істемеуі де жығылғанға жұдырық болса керек.

        

Кездесу не берді?

Кездесу жергілікті қамтуды дамыту және елдік құндылықты арттыру бо­й­ын­ша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою­мен аяқ­талды. Облыс әкімдігі «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақ­мыс»  компанияларымен келісім жасасты. Өнеркәсіптегі алыптар жергілікті зауыттарға тапсырыс беруге уәде беріп отыр. Бұл да болса жеңіл өнеркәсіпке сәл-пәл демеу...

ИИДМ Индустриялық даму комитеті Жеңіл өнеркәсіп басқарма­сының басшысы Айжан Әділованың айтуынша, бүгінде еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында 30 мың адам жұмыс істейді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл салада жұмыс істейтін 1420 кәсіпорынның өндіріс көлемі 6%-ға артып, 178 млрд теңгеге жеткен.

 

Қарағанды