Теннис • 22 Ақпан, 2023

Елена Рыбакина Дубайдағы турнирдің үшінші кезеңіне өтті

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елена Рыбакина Дубайдағы турнирдің үшінші кезеңіне өтті

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Рыбакина екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты. Осыған дейін қарсыластардың жолы өзара үш рет түйісіп, бәрінде қазақстандық теннисші жеңген еді.

Бұл жолы Елена матчты брейкпен бастағанымен, Боузкова таразы басын теңестіре алды. Дегенмен Елена тағы бір брейк жасап, 6:5 есебімен алға шықты. Сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 7:5.

Қазақстандық теннисші екінші партияны да брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін тағы бір эйс жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Коко Гауфпен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 43-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичті тізе бүктірді – 6:0, 6:4.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 46-сатыдағы Юлия Путинцева Дубайда екінші айналымда әлемнің 15-інші, осы жарыстың 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен кездесіп, 4:6, 4:6 есебімен жол берді.