Аймақтар • 18 Ақпан, 2023

Екібастұздың жылу жүйесінен тағы ақау шықты

414 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 ақпанға қараған түні сағат 4:55-те станцияда желілік су құбырынан ақау шықты. «Екібастұз жылу энерго» өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұздың жылу жүйесінен тағы ақау шықты

Желілік су құбырының зақымдану орнын оқшаулау үшін кезекпен № 12, 13, 15 жұмыс істейтін қазандық агрегаттары, желілік сорғылар тоқтатылды. Зақымдалған учаскені кесу жұмыстары жүргізіліп, жөндеу жұмыстары басталды.

«Станцияның жұмысы тоқтаған жоқ. № 5, 6, 9 үш энергетикалық қазандық агрегаты және энергетикалық сорғылар жұмыс істеп тұр. Салқындатқыштың айналымы төмендетілген параметрлермен қамтамасыз етілді», делінген хабарламада.

«Екібастұз жылу энерго» өкілдерінің айтуынша, зақымдану орны бүгін қалпына келтіріледі. Содан кейін тоқтаған қазандық агрегаттарын толтыру және оларды жұмысқа кезең-кезеңімен енгізу жүргізіледі. Сағат 00:00-ге дейін станция салқындатқыштың параметрлеріне 60°С-қа шығуды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, жыл басынан бері Екібастұз тұрғындары бірнеше рет жылусыз қалған.