
«Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
Оның айтуынша, партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.
«Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Amanat» партиясы сайлаушылар дауысының 71,9 пайызын алған. Осыған байланысты «Amanat» партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылады», деді М.Ерман.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «Amanat» партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, «Amanat» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойды.
Партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев үміткерлер тізімінде 90 адам бар екенін атап өтті. Оның 29-ы әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Бұл тізімге енгізілген жалпы санның 32,2 пайызын құрайды.
«Осыдан тура бір апта бұрын біз Орталық сайлау комиссиясына партиямыздың атынан Мәжіліске ұсынатын кандидаттардың тізімін өткізген болатынбыз. Барлық кандидат талапқа сай екені, сайлау кезеңіне өтетіні хабарланды. Біз енді алдағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындалатын боламыз. Біз өз күшімізге, мүмкіндігімізге толықтай сенімдіміз», деді Е.Бейсенбаев.
ОСК отырысынан кейін Елнұр Бейсенбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтына орналастырылады. Биыл 7 ақпанда «Amanat» партиясының кезектен тыс XXV съезі өтіп, соның қорытындысы бойынша партия барлық деңгейдегі мәслихаттарға 3821, Мәжіліске 119 кандидат ұсынды. Еліміздің өкілді органдарына ұсынылған «Amanat» кандидаттары 75 пайызға жаңарды.