Отбасы • 13 Ақпан, 2023

«Odara»-ның 13 сұрағы

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұрғанын ешкім жоққа шығара алмас. Құқық қорғаушылардың өздері де сандарды сөйлетіп, сондай байлам жасап отыр. Мемлекет басшысының да Жолдауда бұл мәселеге баса назар аударуы­­­ бекер емес.

«Odara»-ның  13 сұрағы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында: «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мəселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмəнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды», деген еді.

Сарапшылардың айтуынша, отбасы, тұр­мыс­тық қатынастар саласында құқық­бұзу­шылық жасауға ықпал ететін негізгі фактор – қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың әсері. Атап айтқанда, мұндай мәселе әлеуметтік-тұрмыстық тұрақсыздық, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адами құндылықтардың құлдырауы және отбасы институтының жоғалуы салдарынан туындайды. «Бұдан бөлек, интернет пен бұқаралық коммуникациялардағы алкогольдік ішімдіктің, қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың, порногра­фия­ның насихатталуы әсер етеді», дейді мамандар.

Отбасылық зорлық-зомбылықты әйелді ұру деп түсінетіндер бар. Шын мәнінде, балағаттау, қорлау, сөгу, балалардың жеке өміріне қол сұғу, отбасын тастап кетемін деп қорқыту, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу, балаларды анасына қарсы қолдану, әйелін өз балаларын ешқашан көр­сетпейтіндігімен қорқыту сияқты жайттар да зорлық-зомбылыққа жатады.

Нәзік жандар жауапты органдардың адамның мінез-құлқын психологиялық түзету бойынша зардап шегушілермен, жанжалқойлармен жүйелі жұмыс жүргізілмейтініне қапалы. Мұндай азаматтарды жұмысқа орналастыру, тұр­мыстық және медициналық мәселелерді шешу – олар тиісті ұйымдарға өз бетінше жүгінген жағдайда ғана жүргізіледі. Бұл ретте полицейлердің зардап шегушілермен қа­рым-қатынас жасауға тыйым салу шараларын қолдануы, әсіресе қамаққа алу – ерлі-за­йып­тылар арасындағы шиеленісті одан әрі ушық­ты­ратыны жиі айтылып жүр.

Жуырда Астанада полицейлер мен дағдарыс орталықтарының қызметкерлері үшін «Odara» халықаралық әдісінің көмегімен отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықты анықтау бойынша тренинг өтті. Тренингке тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен тығыз жұмыс істейтін полиция инспекторлары қатысты. «Интервенция орталығының» ха­лықаралық сарапшылары мен ГФР Фе­дералдық жерінің полиция қызметкерлері тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алу және «Odara» тәуекелділікті бағалау тетіктерін енгізу бойынша оқыту тренингін өткізді.

Айта кетейік, «Odara» – жақын әлеуметтік қарым-қатынастардағылардың зорлық-зомбы­лық жағдайларын қарастыруға мүмкіндік беру мақсатында Канаданың психикалық ден­саулықты зерттеу орталығы әзірлеген са­­уал­да­ма. Сауалдама полиция қызметкерлеріне жұбайы тарапынан зорлық-зомбылықтың қайталану ықтималдығын бағалауға септеседі. Сауалдама 13 сұрақтан тұрады және тиісті қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Спи­керлер Германияның жәбірленушіні қор­ғау­ды қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ор­ган­дарының кең өкілеттіктеріне қарамастан, отба­сылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша мәселелерді шешу агрессорды сөз­сіз бас бостандығынан айыруға емес, оның толыққанды өмірге оралуына және жәбірленуші тараппен татуласуына бағытталғанын атап өтті. Осылайша, неміс қоғамында агрессорды тек қылмыскер ретінде ғана емес, сонымен бірге психологиялық көмекке мұқтаж адам ретінде де қабылдайды. Осыған байланысты құқық қорғау органдары үкіметтік ұйымдармен бірлесіп, агрессордың оны психотүзету жөніндегі өтініші негізінде жұмыс жүргізеді екен. Яғни агрессияны басқару бойынша 1 жылдық курстар өткізіледі.

«Агрессордың курстан өтуі оның түзелуіне ғана емес, сонымен бірге жеңілірек жаза алуы­на, сондай-ақ оны мүлдем болдырмауына мүмкіндік береді. Агрессор психотүзету курс­тарынан өтуге ниет білдірген жағдайда оған қатысты сот ісін жүргізу оларды өту кезеңіне тоқтатылады. Германияда «бас бостандығынан айыру» түріндегі жаза қылмыскер қоғамға нақты қауіп төндіретін жағдайда ғана тағайындалады», дейді неміс мамандары.

Айта кетейік, аталған құралды енгізу бо­йын­ша қанатқақты жобалар еліміздің үш қа­ласы – Астана, Алматы және Павлодарда іске қосылады.