Қоғам • 10 Ақпан, 2023

Бағдат Мусин курстасы Мирус Құрмашев туралы: «Мен министр болғанда, түсініспестік болмас үшін ол шетелге барып жұмыс істеді»

1135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында Түркияда қайтыс болған Қазақстан азаматы Мирус Құрмашевпен курстас болғанын жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдат Мусин курстасы Мирус Құрмашев туралы: «Мен министр болғанда, түсініспестік болмас үшін ол шетелге барып жұмыс істеді»

Министр курстасы Мирус Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлкен үлес қосқанын және дінге берік екенін жазды.

«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді…Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық. Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді. Мағжан Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесі мен көмегін қосты. Қазақстанда оның бірнеше бизнес бастамалары болған, 2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шетелде жүзеге асырамын деген еді», деп жазды Бағдат Мусин.

Бағдат Мусиннің жазуынша, Мирболат Құрмашев жиһанкез болған, біраз жерді аралаған. Бірақ тұрақтап қалу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатқан.

«Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Ыстанбұлдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды. Біз оған Астана хабтың өкілі болуды ұсындық, өйткені екі мемлекеттің хабтары мен мамандарын жақындастыратын адамның болуы маңызды еді. Студенттік кезден де біраз жақсы естеліктер бар, жақын араласқан жолдастары оларды айта жатар деп ойлаймын. Иманды болсын! Жаның жәннаттан орын тапсын бауырым», деп жазбасын аяқтады.

10 ақпанға қараған түні Антакияда үйінді астынан Мирболат Құрмашевтің денесі  табылды. Айта кетейік, Мирболат Құрмашев Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған.