Қоғам • 09 Ақпан, 2023

Құтқарушылардың келесі тобы Түркияға аттанды

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің ТЖМ құтқарушыларының тағы бір борты жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін Түркияға аттанды. Тиісті тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бергенін барша жұрт біледі.

Құтқарушылардың келесі тобы Түркияға аттанды

Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға аттанған екінші эшелон құрамында 8 ақмолалық құтқарушы да бар. Құтқарушылар барлық қажетті құралдармен және керек-жарақтармен жаб­дық­талған. Өңір ТЖД басшысы атап өткендей, қазақстандық құтқарушылардың басты міндеті – үйінділер астында зардап шек­кен­дерді іздеу және басқа да ава­рия­лық-құтқару жұ­мыс­тарын жүргізу.

«Сіздерді бауырлас халыққа барынша көмек көрсетуге аттандырамыз, қауіпсіздік ере­желерін қатаң сақтауды сұрай­мын, ең бастысы, өздеріңізге сақ бо­лыңыздар. Ақ жол, сапарларың оң болсын және аман-есен ора­лыңдар!» деді Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Басқа өңірлерден келген әріп­тестерімен бірге жер сілкініс­те­рі­нің салдарын жоюға көмектесу үшін Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылар тобы да Түркия аумағына жол тартты.

Қарағанды командасының құрамында 15 адам бар. Олар – ТЖД құтқарушылары, оның ішінде кинологиялық есеп, сон­дай-ақ апаттар медицинасы орта­лы­ғының дәрігері мен фельд­шері де бар. Команда автономды жұмысты ескере отырып, ава­риялық-құтқару құралымен, медициналық мүлікпен, байланыс және тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен жасақталған.

Қарағанды облысы ТЖД бас­шысы Мұрат Қатпанов құтқару­шы­ларды жолға шығарып, өзінің қызметтік борышын абыроймен атқаруға шақырды.

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі заманымыздың ең қасі­рет­­­ті апат­тарының қатарына ене­­тіні анық.­ Табиғат өте қатал, еш­­кімді де аямайды. Зілзаладан зардап шеккендерге отандастарымыз, қаракөз қандастарымыз бірінші күннен жанұшырып, қол­дан келген қамқорлығын беріп келеді. Бірі қаражат жинап, керекті дүниені сатып алып аттандырып жатса, бірі киіз үй қамдап, келер күннің қажетін де жеткізіп беру үшін жанталасуда. Мәселен, белгілі әнші Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында Stranger әлемдік туры аясында концерттерінен түскен қаражат­тың бір бөлігін Түркия мен Си­рия­­дағы жер сілкінісі салдары­нан зардап шеккендерге көмек ре­тінде беретінін хабарлады. Ал қоғам белсендісі Арман Шораев пен журналист Нұрбек Бекбау жұрттан жылу жинап, зілзаладан жапа шеккен Түркияға көмек ретінде киіз үй жіберді. Бірер күнде олардың шотында қазақстандықтардан 20 миллион теңгеден аса қаржы түскен.