Сайлау • 08 Ақпан, 2023

Миссия жұмысына – лайықты жағдай

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқау жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының басшысы Оуэн Мерфимен кездесті.

Миссия жұмысына – лайықты жағдай

Кездесуде Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутат­тары­ның алдағы кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңа сайлау қағидалары мен нормалары бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажо­ритарлық модельге көшу, Мә­жі­ліс пен мәслихат депутатын кері қайтарып алу бойын­ша импе­ративті мандат енгізу, да­уыс беру күні сайлау учаскесінде БАҚ өкілдерінің қатысу мүм­кін­діктерін кеңейту туралы нормасына тоқталды.

Нұрлан Әбдіров сайлау заң­намасына бірқатар басқа түзетулер 2021 жылғы парла­менттік сайлау­ды бақылау қоры­тындылары бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ мис­сия­сының ұсыным­дарына толық жауап беретінін ерекше атап өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдеріне науқанның барлық кезеңдері және сайлауға дайындық кезеңіндегі сайлау органдарының іс-әрекеттері туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ саяси партияларды, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерін, жастар мен мүге­дектігі бар адамдарды қоса алғанда, сайлау үдерісінің ұйым­дастырушыларын және басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды. Ол Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға қатаң сәйкес жүргізуді қамтамасыз ететінін және саламатты және адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын жеткізді.

ОСК төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына Қазақстан Республикасындағы сайлау мен референдумды байқауға тұрақты қатысқаны үшін алғысын білдіріп, миссияның толыққанды жұмысы үшін барлық ыңғайлы жағдай жасалатынын баса айтты.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы басшысы О.Мерфи екі ұйым арасындағы ынтымақтастық пен Миссия жұмысына жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді. Ол 19 наурызда дауыс беру күні ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы­на ДИАҚБ офисінің басшысы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының байқаушылар тобы қосы­латынын хабарлады.

Кездесу соңында тараптар ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкіл­дерінің Орталық сайлау ко­миссиясының тұрақты отырыс­тарына, сондай-ақ Орталық сай­лау комиссиясы жанын­да ұйым­дастырылған оқыту іс-шаралары мен диалог алаңдары­ның отырыстарына қатысу тәжі­рибесін жалғастыру туралы келісті. Сонымен бірге Орта­лық сайлау комиссиясының төр­ағасы барлық өңірлерге сапарлар барысында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының өкілдерімен кездесулерге дайын екенін жеткізді.