Партия • 08 Ақпан, 2023

Екі партия құжатын өткізді

391 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясына «Amanat» және «Respublica» партиялары Мәжіліс және мәслихаттар депутатына үміткерлердің тиісті құжаттарын өткізді. Осылайша, елімізде тіркелген барлық саяси құрылым құжаттарын реттеуді аяқтап, ендігі жерде үгіт-насихат жұмыстарына күш жұмылдырмақ.

Екі партия құжатын өткізді

«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, партиялық тізім бойынша 90 адам, сондай-ақ бір мандатты округтер бойынша 29 адам сайлауға түседі.

– Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың құжаттарын тапсырдық. Пар­тияның съезіне 2 мыңнан астам адам қатысып, құрылтайда мәс­лихаттар депутаттығына – 3821, ал Мәжіліске 119 үміт­кер ұсынылды. Кан­ди­даттар жергілікті жердегі мәсли­хаттардың ұсынысымен ірік­телді. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адам­дар үшін қарастырылған 30 па­йыздық үлес сақталып отыр. Бір атап өтерлігі, еліміздің барлық өкілді органына ұсынылатын «Amanat» партиясының құрамы 75 пайызға жаңарды. Олар – Президент реформалары мен пар­тия бағытын жүзеге асыруға қабілетті жарқын көшбас­шы­лардың жаңа тобы, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Белгілі болғандай, соңғы тоғыз айда 30 мың адам «Ama­nat» партиясына мүше болған. Қазірдің өзінде мыңда­ған азамат партияның мүше­лігіне өтуге ниетті. Партия бас­шылығы алдағы уақытта баян­ды бағдарламаларды іске қосып, халықтың әлеуметтік мәселе­лерін шешуді жалғастыра бермек. Ауыл мен қала өмірінің арасында алшақтық болмауы керек деп есептейді. «Ауыл адамы үшін сапалы білім мен медицина, әлеуметтік, құқықтық, қаржылық көмектер қолжетімді болуға тиіс. Осы мақсатта партиямыз «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» жобаларын, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мен қаржылық сауаттылығын арттыру бастамаларын белсенді іске асырып жатыр. Бұл бағдарламалар халықтың үлкен қолдауы мен сұранысына ие. Сондықтан жобаларды әрі қарай жалғастыра береміз. Жастар мәселесі бізді қатты алаңдатады. Қазір не далада жоқ, не қалада жоқ, үй-күйсіз босып жүрген жұмыссыз жастар көп. Жастардың проблемасы – қоғамның проблемасы. Өрімдей жастарымыздың осылай сабылып жүргені бәрімізге сын! Оларды үлкен өмірге дайындау – отбасының да, қоғамның да, мемлекеттің де міндеті. Сондықтан біздің бағдарламада жас ұрпаққа қамқорлық шаралары нақты әрі жан-жақты қамтылады», деген еді партия төрағасы Ерлан Қошанов құрылтайда.

Ал «Respublica» партиясы сай­лауға 29 кандидатты ұсынып отыр. Оның 4-уі бір мандаттық округ бойынша тізімге енген.

– Мәжіліс депутаттығына (партиялық тізім) үміткер 25 адамның құжатын тапсырдық. Кандидаттардың 17-і – ер азамат, сегізі – әйел. Үміткерлердің орташа жасы – 38. Ең жасы 25-те, ең жоғары жас көрсеткіші 51-ге тең. Кандидаттар түрлі саланың өкілдері. Олардың арасында кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының жетекшілері, сонымен қатар идеологтер бар. Әрбірі елдің жағдайына қанық, ең бастысы жаңашылдыққа ұмтылып отырғандар, – деді «Res­publica» партиясының орта­лық аппарат жетекшісі Олжас Құспеков.

Саяси сахнаға енді қадам басқан жас партия тың жоспарларын ұсынып, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленуге ниетті. «Respublica» – мемлекет қызметінің түрлі салаларын қалпына келтіруге ұмты­латын белсенді азаматтарды біріктірген жаңа партия. Оған қазақ­стандық кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері тартыл­ған. Басты мақсаты – әрбір қа­зақ­стандық саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерге өзінің атсалысып жатқанын сезінуі үшін ел саясатына ық­пал ету тетіктерін жасау. Ұраны – «Жа­ңа адамдар – жаңа қадамдар». «Біз үшін бұл жеңіс неліктен маңызды? Қазақ­стандықтар елде халық қолдайтын мықты, саламатты балама бар екенін түсінуі керек. Қазіргі жүйенің балама нұсқасын көргісі келетіндердің саны артып келеді, сондықтан әрбір қазақстандықтың мемлекет пен қоғам өміріндегі рөлі мен орнына деген көзқарасын өзгерту үшін жеңіс маңызды. Жаңа Қазақстанның барлық азаматтары саяси шешімдер қабылдауға ықпал ете алуы керек», деген еді партия басшылығы съезде.

Партия басшылығының айтуынша, сайлауалды бағдар­ламаны әзірлеу барысында халықты мазалаған негізгі мәсе­лелер назарға алынған. «Ел аза­маттарының мүддесі үшін заманауи және күшті мемлекетті қалай құруға болады? Бұл бағдарлама қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жолдарына бастамашы болып, Парламент Мәжілісінде де, облыстық және қалалық мәслихаттардағы жұмысымызға да көзқарасымызды көрсетеді», дейді партия басшылығы.