Аймақтар • 06 Ақпан, 2023

Жылыжай жұмыстары пысықталды

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған үкіметтік делегация Түркістан облысының Сарыағаш ауданында болып, шаруалармен өңірдегі жылыжай шаруашылықтарын дамытудың жағдайын талқылады.

Жылыжай жұмыстары пысықталды

Түркістан облысы – жылыжай көкөнісін өндіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, республика жы­лы­жайларының 67%-ы облысқа тиесілі. Мұндағы жылыжайлардың жалпы ауданы – 844 га. Белгілі болғандай, қалың қарға төтеп бере алмаған жылы­жай­лардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жиында шаруалар атап өткендей, қожалықтар шығынын тез өтеу үшін оларды мүмкіндігінше арзан етіп жасайды. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау немесе төмен пайыздық ұзақ несиелер болса, шаруалар жылыжайларды талап етілетін стандарттар мен технологиялар бойынша сала алады.

Қазір Түркістан облысының әкімдігі зардап шеккен шаруашылықтарды қолдау бойынша жедел шаралармен айналысып, ел Үкіметі алдағы уақытқа жүйелі шараларды әзірлеп жатыр.

«Біз Үкімет атынан жылыжай ша­р­­уа­шылығын одан әрі қалай дамыту керектігін бірлесіп шешу үшін кел­дік. Бізбен бірге Өзбекстаннан өз тәжі­ри­белерімен, технологияларымен және жылыжайларды күтіп ұстаудың басқа да мәселелерімен бөлісуге дайын мамандар келді. Біріншіден, мемлекетке нәтиже қажет. Жылыжай шаруашылықтарына берілетін субсидиялар бұрын да болған, бірақ олардың пайдасы аз болды: жылыжайлар белсенді деп саналғанына қарамастан ештеңе өндірмеді. Егер мемлекет субсидия берсе, сіздер оның есесіне көкөністерді ішкі нарыққа жет­кілікті мөлшерде және нарықтық бағамен сатуға тиіссіздер. Екінші мәселе – сер­тификаттау. Алдағы уақытта субсидиялар алу үшін жылыжай өндіріс стандартына сай болуы керек. Ол үшін жылыжайлар үшін ұлттық стандарт қабылданады. Техникалық реттеу және метрология комитетіне тиісті тапсырма берілді, сондай-ақ сіздерді осы стандартты әзірлеуге белсенді қатысуға, тәжірибелеріңізбен бөлісуге шақы­рамыз. Үшіншіден – көмір мәселесі: бізбен бірге Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің өкілі келді, ол келешекте биылғыдай төтен­ше жағдайларды болдырмауға көмек­те­сетін шешімдерге тоқталады», деді кездесуде С.Жұманғарин.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 140 млрд теңге бағытталғанын, қазір жы­лы­жай­ларды осы бағдарлама бойынша қаржыландыру бағытына қосу жұмыс­тары пысықталып жатқанын хабар­лады. Бағдарлама шарттарына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жылы­жайлар 5%-дан аспайтын несие ала алады.

«Қазір біз жылыжайларды субсидиялау бойынша түрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз, бірақ электр энергиясы мен газға жұмсалатын шы­ғын­дар негізге алынады. Қалған бағыт­тар бойынша қолдау шаралары қазірдің өзінде іске асырылып жатыр. Мемлекет тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарына шығындардың жартысын субсидиялайды. Сондай-ақ жылыжайлар үшін стандарт әзірленеді. Стандарт талаптарына сәйкес келетін және қарсы міндеттемелерді қабылдайтындардың барлығы субсидия алады», деп атап өтті ол.

Мақта өндірушілер мен диқандар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев жылыжайлар барлық қажетті құжатты рәсімдеуге дайын екенін айтты.

«Бізге гектарлық субсидиялар ал­ған тиімді, бұрын осы схема бойынша жұмыс істеп келдік. 2018 жылы суб­си­диялар алынып тасталғандықтан, бар­лық жылыжай ғимараттарын салу тоқтап қалды. Біз сертификаттаудан өтуге дайынбыз. Біздің ұсыныстарымыз: маусымаралық уақытта көмір болмайды, ал болған жағдайда, оның сапасы нашар. Жылыжай қожалықтарында көмір­ді алдын ала сатып алуға қаражат жоқ, оны жеткілікті мөлшерде сақтай­тын орын жоқ. Мұның бәрі өнімдері­мізді бәсекеге қабілетсіз етеді. Біз Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-дан әлеуметтік көмірмен алдын ала қамта­масыз етуді сұраймыз», деді Д.Қалтаев.

ИИДМ Индустриялық даму коми­тетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов өңірдің жы­лыжай шаруашылықтарын уақ­тылы көмірмен қамтамасыз ету үшін ел­дің негізгі көмір өндіруші кәсіп­орын­дарымен келіссөздер жүргізуді және кө­мір­ді тікелей көмір кеніштерінен жет­кізу бойынша шарттар жасауды ұсынды.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз тарапынан көмір өндіруші компаниялармен көмір жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуге көмектесуге дайын. Тек суық түскеннен кейін емес, барлығын алдын ала жасау керек. Көмір сақтау қоймаларында өзінің қасиетін жоғалтпайды», деп атап өтті Ж.Игісінов.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың көбі жылыжай өнді­рісін сертификаттау, стандарттау және жос­парлау қажет деген ортақ пікірге тоқталды. Сертификаттаудан жал­ғыз өте алмайтын шағын ша­руа­шы­лықтар кооперативтерге бірігуге тиіс.

 

Түркістан облысы