Қоғам • 31 Қаңтар, 2023

Пайдалы нұсқаулық

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда USAID «Орталық Азиядағы қауіп­сіз көші-қон» жобасы шеңберінде Бас прокура­турасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы Winrock International ұйымымен бірлесіп әзірлеген Адам саудасының құрбандарын анықтау, оларға көмек көрсету және қайта бағыттау жөніндегі практикалық нұсқаулықтың ресми тұсаукесері өтті.

Пайдалы нұсқаулық

Авторлардың айтуынша, практикалық нұсқау­лықты дайындау қажеттілігі көптеген қылмыс құрбандарының тиісті қорғанысқа ие болмауымен байланысты, себебі жапа шегушілерді адам саудасының құрбандары ретінде анықтау әрдайым мүмкін емес. Практикалық нұсқаулық мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне, жаттықтырушылар мен оқу үдерісін ұйымдастырушыларға арналған.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, нұсқаулықта мәселенің өзі және оның себептері туралы кең түсінік берілген. «Аталған саладағы қылмыстар қарастырылады, адам саудасы мен еңбек көші-қонының себеп-салдарлық байланыстары көрсетіледі, адам құқықтарын қорғау және осы жағымсыз құбылыспен күресу саласындағы ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық база талданады», дейді ол.

Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдау шеңберінде еңбекті қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, зардап шеккендерді қорғау және оларға көмек көрсету жөніндегі дипломатиялық миссиялар қызметкерлері үшін нақты нұсқаулықтар әзірленген. Әсіресе Балалар саудасы мен балалар еңбегін пайдалану фактілерінің алдын алу бойынша еңбек инспекторлары мен білім беру жүйесінің рөлі ерекше атап өтілді.

Жалпы, елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар ұйымдастыру мен жеңгетайлық жасау. Ер адамдар әдетте, еңбек нарығында жапа шегеді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды сату фактілері де азаймай тұр. Тастемір Әбішевтің айтуынша, бүгінде елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарастырылып, өзге де маңызды бағыттар қамтылған. Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болмақ. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор.

Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақстанға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда бұл көмектен қағылады. Халықаралық сарапшылар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Жалпы, бұл бағыттағы заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде төменгі сатыдан көрінуіне түрткі болғаны рас. Білікті мамандардың қатысуымен әзірленіп жатқан заң жобасы осы сияқты түйткілдердің түйінін тарқатады деген сенім мол.