Білім • 30 Қаңтар, 2023

Қолжетімді қосымша білім

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім саласындағы реформалардың бір бағыты – балалардың бос уа­қытын тиімді ұйымдастыру. Аң­ғар­сақ, бірнеше жылда Үкімет бала­лардың шығармашылығын шың­дауға көбірек көңіл бөліп, қала, аудан, ауылдарда үйірмелер бірінен соң бірі ашылды. Астана қаласының оқушыларына да қосымша бiлiм беретiн мектептен тыс ұйымдар қолжетімді.

Қолжетімді қосымша білім

Қосымша білім беретін ұйымдар тех­никалық, жаратылыстану, туристік-өлкетану, дене шынықтыру-сауықтыру, әлеуметтік-гуманитарлық және көркемдік бағыт бойынша балаларды шыңдайды. Оқушы қай үйірмеге баратынын өзі ше­шеді. Бастысы, бос уақытын пайдалы іске арнаса болды. Қазір балаларға қо­сымша білім беретін мекемелер көп­теп ашылғанымен, жылдан-жылға оқушы­лардың саны да артып жатқанын елеп-ескеру қажет. Өңірлерде қосымша білім беру ұйымдарын ашу бағытындағы сол үшін де үзілген жоқ.

Нақ қазір елордада 11 қосымша білім беретін ұйым бар болса, оның 158 филиа­лы мен 10 community орталығы ашық. Бұған қоса үйірмелерге қатынайтын балалардың үлесін арттыру мақсатында «Bilim park» қосымша білім беру орталығы, «Аrt is Forever» бейнелеу өнері мұражайы, «Muz alem» №2 Балалар музыка мектебінің филиалы, «Saz аlemi» №3 Балалар музыка мектебінің филиалы, «Asyl mura» №1 Өнер мектебінің филиалы жұмыс істейді. Ол аз десеңіз, 2021 жылы қыр­күйекте «Теміржолшылар» кентінде мың­нан аса баланы қамтитын Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының және «Көктал» тұрғын үй алабында 600 ба­­ла­ны қамтитын М.Өтемісов атын­дағы Оқушылар сарайының филиалдары ашылған. Оқушылардың шығар­ма­­­шылығын шыңдау мақсатында қала әкім­дігінің білім басқармасы шахмат феде­рациясымен бірлесіп, қаланың бар­лық мектебінде шахмат үйірмесін ашуға ықпалдасқан. Тағы да бір жаңа­шыл­дыққа тоқталсақ, әр мектепте домбыра сы­ныбын ашып, оқушылар арасында домбыра оркестрлерін құру жайы да пысықталып жатқан көрінеді. Енді осы өзгеріс оқушыларды бала жастан ел тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін сыйлап-құрметтеуге үйретеді дегенге үміт басым.

Қазір Астана қаласындағы мектептерде 152 546 оқушы (76,8%) қосымша білім­мен қамтылған. Олар ұзын-саны 2 370 үйірмеге қатынайды. Ал мектептен тыс ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде 763 спорт секциясына 88 555 (44,5%) оқушы қатысады екен.