Тарих • 24 Қаңтар, 2023

АЛЖИР тұтқынының суреті

326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматыға сапар барысында қалалық архивке бас сұқтым. Аталған мекеменің бас сарапшысы Ләйла Қасымқызы өзі бастап, шаң басқан сөрелерді аралатты. Қазақ руханиятына, ел мен жер тағдырына үлес қосқан асыл тұлғалардың көбінің жеке құжаттары сонда сақталыпты. Солар­дың ішінен көзіме оттай басылғаны Зағфи Тінәли­наның бір суреті һәм ол туралы мәліметтер болды.

АЛЖИР тұтқынының суреті

Қапелімде «халық жауының» әйелі атанып, АЛЖИР лагеріне жер аударылған, өткен ғасырдың зұлмат жылдарында тауқыметті тағдыр кешкен Зағфи Тінәлинаның өмірі аядай бір мақалаға сыя қоймас. Ол 1911 жылы қазіргі Ақмола облысындағы Ар­шалы ауданының Бабатай ауылында дүниеге келген. Қазақ мектебі бол­мағандықтан бастауыш сыныпты та­тар (кейбір деректерде бастауыш сы­ныптық орыс мектебі) мектебінде оқыпты. Мектепті бітіргеннен соң, Қы­зылжардағы мұғалімдер даярлайтын техникумға оқуға түсіп, жалғасты білім алады. Сол кезде өзінен «Қазақ әдебиеті» пәнінен бақылау ал­ған ақын Мағжан Жұмабаев екенін кейіннен біледі де, оған деген ыстық сезімін жүрегінде сақтап өтеді.

Зағфи Тінәлина өзі оқитын тех­ни­кумның ағарту жұмыстарына бел­сене атсалысып, хорда қазақша ән орындайды. Аталған хор 1928 жылы Мәскеу қаласында өткен кеңес ода­ғының бүкілодақтық орталық атқару комитеті сессиясында қаты­су­шы­лар алдында өз өнерлерін көр­сетіп, «Қазақстанның бірінші хоры» деген даңқты атқа ие болады. Осы са­парда Зағфи бастаған өнерлі қыз­дар Коммунистер партиясының қай­раткері Надежда Крупскаямен кездеседі. Осы туралы Тінәлина өз естелігінде: «Сендер, Шығыс қыздарынан шыққан алғашқы қарлығаштарсыңдар. Кеңес өкіметі берген құқықтарыңды пайдаланың­дар. Оқыңдар, сендердің тағдырларың өз қолдарыңда. Сауатсыздықпен күресіңдер» деген сөздері менің мәңгі есімде» деп жазады. Жазғы каникул кездерінде техникум комсомолдары ауылдарға барып сауат ашу жұмыстарын жүргізеді. «1929 жылы құрбым Мархаба екеуміз Қарағандының жайлауында Қызыл отау тігіп, жалпы халықты сауат ашуға ша­қырдық. Бізге «келем» деп уәде бер­гендерімен ауыл атқа мінер­лері­нен қаймыққан жұрт бізге келе алмады. Не істеу керектігін білмей дал болған біздер, кешке киізүй сыр­тында отырып, халық әндерін, Сәкен Сейфуллиннің, Шолпан Иман­баеваның әндерін айттық. «Қа­зақ­станның бірінші хоры» деген атағымыз болды ғой, біз әнді өте жақсы айтатынбыз. Жанымызға жастар жинала бастады, артынша ауыл адамдары да келді. Осылайша, біздің Қызыл отау жұмысы алға басты», дейді ол сол кездегі елдің мәдени өмірін сипаттай келе.

1934 жылы Зағфи Сәдуақасқызы сол кездері Қазақ баспасының бас редакторы болған азамат Абат Әлі­баевқа тұрмысқа шығады. Үш жыл өткен соң, өткен ғасырды қызыл қан­ға бояған қуғын-сүр­гін басталады. Атышулы кезең қа­натын қатайтып, енді ғана жаңа өмір бастаған Зағфи Тінәлинаны да айналып өтпейді. Жары «халық жауы» деп ұсталып, абақтыға қамалады. Өзі пар­тия қатарынан және жұмыстан шет­тетіледі. Онымен қоймай, 1938 жылдың 10 сәуірінде сотсыз және тер­геусіз бас бостандығынан айырып, АЛЖИР лагеріне айдайды. Колонияда ол Бейімбет Майлиннің, Қайсар Тәш­титовтің, Зәріп Темірбековтің әйел­дерімен бірге қиын күндерді өткізеді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, үш жыл түрмеде отырып босатылған кезде Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талады.

1937 жылдың ауыр зардабы мен «халық жауының» әйелі делінген жала оның соңынан бір елі қал­майды. Араға жиырма жыл салып, 1956 жылы 6 қазанда Түркістан әс­ке­ри округі әскери трибуналының анық­тауы бойынша Зағфи Тінәлина ақта­лады. 1957 жылдың 7 қыркүйегінде КСРО Жоғарғы сотының әскери кол­легиясының анықтауы бойынша оның күйеуі Абат Әлібаев та ақталады.

Мейлі қандай азапты күндерді басынан өткізсе де, ол халық ағарту саласында үлкен істер тындырады. Оның бұл еңбектері жеке мұрағаттарында алтын әріптермен жазылғаны шын­дық. Қордағы құжаттарда Зағфи Сә­дуақасқызының пионерлер, комсомолдар арасында болған, әртүрлі жиындарда сөйлеген сөздері, қазақ халқының бірегей тұлғалары Сәкен Сейфуллин және өзі сыйлаған, құрметтеген асыл ұстаздары туралы, Н.К.Крупскаяның қабылдауында болуы, АЛЖИР лагері­не кеткен әкесі Б.Тінәлин, жұбайы А.Әлібаев туралы естелік жаз­балары, Ақмола облысының партия және комсомол ардагерлерінің естеліктері; Ақмоладағы комсомол, пионер ұйымдарының, әйелдер қозғалысының құрылуы туралы жазбалары оның саналы ғұмырының куәгері іспетті.

Бізді елең еткізгені Зағфи Тінәлина­ның жеке қор құжаттарындағы Сәкен Сейфуллин туралы естелігі болды. 339 қордағы 27 беттен тұратын 5-істе Зағфи Сәдуақасқызы жинақтаған Сәкен Сейфуллин туралы жарық көр­ген мақалалар, 1988 жылы Це­ли­ноград қаласында ақынға арналып ашылған музейдің афишасы және аңыз адаммен кездесулері тура­лы естелігі топтастырылған. Ол осы естелігінде: «Мен Сәкен Сей­фул­линмен бірнеше рет кездестім. Алғашқыда бала кезімде көрдім және қызмет барысында кездестім», деп жазады.

1934 жылы Зағфи Сәдуақасқызы Алматы қаласында Қазақ Өлкелік комсомол комитетінің бюро мүше­сі және Балалар коммунистік ұйымы бю­росының төрайымы қызметін атқарады. Осы кездері балалармен жұмыс істеу үшін әдістемелік нұс­қаулықтар болмағандықтан, Қазақ Өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ілияс Қабылов қазақтың ірілері Ілияс, Сәкен, Бейімбет ағалармен кездесу ұйымдастырады. Бұл кездесуге Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Абат Әлібаевтар қатысқан екен. Кездесу барысында Зағфи Тінәлина балаларға арналған көркем әдебиет пен бала тәрбиесіне арналған нұсқаулықтар жоқ екендігін айтады. «Жас маманға бірінші болып қолдау көрсеткен де, балалар үшін жазатын жазушылар керектігін және балалар әдебиеті бөлімін ашу туралы ұсыныс жасаған да Сәкен аға», деп жазады Зағфи Тінәлина.

Бұл қолжазба естелікте 1967 жылы Целиноград қаласындағы М.Горкий атындағы драма театрында қойылған Сәбит Мұқанов жазған «Сәкен Сейфуллин» пьесасы туралы мәліметтер берілген. Басты рөлді – Г.Пономаренко, Сә­кеннің анасы Жамалдың рөлін – А.Боженко сомдапты. Спектакльге С.Сейфуллиннің жары Гүлбахрам да қатысыпты.

Ұлтымыз тарихындағы мәде­ни орталықтардың алғашқы қарлы­ғаш­тары­ның бірі де бірегейі, АЛЖИР тұт­қыны Зағфи Тінәлина туралы ел ішінде әлі де толып жатқан деректер болуы бек мүмкін. Ал оның өмірге, болашаққа тіке қарап тұрған осы бір суреті кешегі қазақ қыздарының қан­дай қиындық көрсе де, ешкімге илік­пей, бас ұрмай, тік жүргенін бей­не­лей­ді.