Тарих • 24 Қаңтар, 2023

Бийск уезінің қазақтары

94 рет көрсетілді

Патшалық Ресей заманында Том губерниясына қарасты Бийск уезі деген болды. Бұл әкімшілік бірліктің үлкендігі соншалық, солтүстік шеті Барнауыл қаласына барып тірелсе, оңтүстігі Азия құрлығымен қанаттасып жатты. Осы уезге қарасты 25 болыстың бірі Ануйде қазақтар өмір сүрген екен. Мына фотолар осы алтайлық қандастар өмірінен сыр шертетін шежіре десек те болады.

Бұл фотоны түсірген адам­ның аты – Иван Робертович Томашкевич. Мамандығы – фотограф. Ұлты – поляк. Өз­деріңіз көріп отырғандай фотосуреттің шекесінде «Виды Алтая (Томская губ., Бійкій уіьздъ)» деген жазу тұр және автор бұл суретті 1900 жылы түсіргені туралы­ баяндапты. Келесі, назар ауда­рар­лық дүние – фотодағы «№78. группа киргизовь» деген жазу. Бұл мәліметті былай тәп­сірлеуге болады: фотограф Сібір өл­кесін жаяу-жалпы аралап мыңдаған фото түсірген. Оларды әртүрлі тақырыпқа жіктеп, нөмірлеген. Мына фото «Виды Алтая» атты топ­таманың ішіндегі 78-нө­мірлі жәдігер. Екінші фотода киізүйдің алдында әйел-еркегі аралас бір топ адам отыр. Жәдігердің шекесіне «Группа киргизовъ и ихъ юрта» деген жазу таңбаланыпты.

вфа

впр

И.Р.Томашкевичтің өмір-­та­рихына қатысты дерек ша­малы. Десе де, 1890 жыл­дары Том қаласында тұрақ­тап,  Алтай өлке­сін көк­тей өтіп фото түсір­ген. Нәтижесінде, 1899 жылы Кра­сноярск қаласында Сібір өлкесінде тұңғыш салы­нып жатқан Транссібір теміржолы жайлы фотоальбомын шы­ғарған.

Біздің қолымыз түскен тағы бір дерек, 2012 жылы жа­рық көрген «Поляки в Томске» атты монографияда: фото­граф Томашкевич Том қаласын­да Береговая көшесінде тұрға­ны және қалалық әуесқой фотосүйерлер қоғамын бас­қар­ғаны айтылыпты және 1900 жылдан бастап Алтай өл­кесін аралап фото түсірген. Нәтижесінде, «Алтай келбеті» атты альбом шығарған. Мына фотоларды осыдан алып жариялап отырмыз.

И.Томашкевич Алтай қа­зақ­тарының тек фотосын тү­сіріп қана қойған жоқ, олар­дың өмір салты, тұрмысы туралы естелік жазып қалдырған. Мысалы, өзінің «Царизм. Виды Алтая» атты жинағының «Киргизки» атты шағын анық­тамалығында: «Мұндағы қа­зақтар өмірі бір қарағанда тым сүреңсіз. Үстерінен мал сүтінің исі шығып тұра­ды. Бірақ бұлар еңбекқор халық. Әсіресе әйелдердің шаруа­қорлығы таңғаларлық. Қол­дағы мал-сұлды бағып-бап­тау, ас-су дайындау сияқты отбасылық тұрмыстың бар­лық ауыртпалығын осы әйел­дер арқалайды. Сонымен қатар киіз басып, ши тоқып, үй-ішінің барлық құрал-жаб­дығын дайындайды. Қыр­ғыз (қазақ) әйелдері ұзын етек көйлек, аяқтарына ұзын қоныш етік киеді. Бас киім­дері­не қауырсын – үкі тағып, сәнденеді», деп жазыпты (суретте).

 

* * *

Осы орайда, қиырдағы Алтай өлкесінің шұрайлы ме­кені «Бийск уезіне қазақ­тар қашан барды?» деген сұ­рақ туары анық. Бұл сұрақ­қа жауап іздеп көрдік. Бір қы­зығы, бұл қазақтар сол жерде әлі тұрып жатыр. Қа­зіргі әкімшілік атауы – Ре­сей Федерациясы, Алтай Рес­пуб­ли­касы, Усть-Кан ауданы (Кан-Оозы) Черный Ануй селосы. Ауылдық округке (бө­лімшелерін қосқанда) қарасты 8000-ға тарта тұрғын болса, осылардың 30 пайызы қазақ, 30 пайызы орыс, 30 пайызы алтайлықтар көрінеді.

Ал жоғарыдағы «қайдан келді?» деген сұраққа келер болсақ, Ресей Ғылым ака­­демиясы Сібір бө­лім­шесінің ғылыми қыз­меткері И.Октябрскаяның «Кре­щенные казахи Алтая. Конфессиональный фактор в этнический истории ХІХ-ХХ веков» атты кітабы 2005 жылы Но­восібірде жарық көрген. Осы монографияда Ануй өзенінің бойына қазақтар ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында, яғни 1760-1770 жылдары қоныстанғаны жайлы айтылыпты. Ал Қазақстанның жас ғалымы Тимур Козеревтің 1997 жылы «Шалқар» газетінде жарық көрген «Тұраты қа­зақтары» атты зерттеу еңбе­гін­де, бұл өңірге қазақтар 250 жыл бұрын қоныстанған делініпті.

Бұл құжаттар Ануй қазақ­тарының қоныстану тарихы тым тереңде жатқа­нын көр­сетсе, жергілікті қан­дастардың айтуы бойынша, ерте кезде бір жігіт көңілі жа­расқан қыз­ды айттырып қойған жерінен алып қашып, осында келіп паналаған-мыс. Бұлардың соңы­нан ұлықтардан жәбір көр­ген немесе барымта-сы­рым­­таға байланысты елден қаш­қан немесе патша өкіміне қарсы келіп жандаралдың кәрі­не ұшыраған қазақтар қосылып, уақыт өте келе бір қауым елге айналған.

Тарих үшін айта кеткен жөн шығар: патшалық Ре­сей­ кезінде Бийск уезінде өмір сүріп жатқан орыс емес ха­лықтарды шоқындыру ісі қолға алынып, «Алтай миссия­сы» құрылды. Оның рухани-әкімшілік орталығы ретінде Бийск қаласы таңдалды. Сөйтіп, 1870 жылдардан бас­тап мұндағы қазақтарды шо­қындыру ісі қарқынды жүр­гізілді.

ХХ ғасыр басында халық­тың көз-құлағы саналған «Қа­зақ» газетінің 1917 жылғы №235 санында Том губерния­сы, Бийск уезінде тұратын Иван Семенович Кусков деген қазақтың (қазақша аты-жөні – Сағындық Тұяқұлы) ма­қаласы жарияланған. Онда: «Біз 100 үйден астам қазақ бармыз. Ата-бабамыз орысқа кіріптар болып шоқынып жатыр» деп мұңын шағып, барша қазаққа хат жолдапты (Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы: Санат, 1995. – 76-б.).

Бийск қазақтарының діни ахуалын ұзақ жыл зерттеген И.В.Октябрская ханым мынадай бір қызық дерек келтіреді. Оның айтуынша, мұндағы қазақтар христиан дінінің икондарына бір сыйынып алып, артынан қолын жайып өздері білетін аят-дұғаларды оқып, тәңірден қазақша медет тілейтін болған. Осыған қарағанда қос дінді қойыртпақ құлшылықта болған тәрізді.

 

* * *

Тарихтан білеміз, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралы­ғын­да Орынборда жалпы қазақ съезі өтті. Жиынға Самарқан облысы мен Алтай губерниясы (бұл губерния 1917 жылы Том­ губ. бөлініп, жаңадан құрыл­ған)­ атынан – 58 өкіл, әртүрлі қазақ ұйымдарынан – 8 өкіл, арнайы шақырумен – 15 адам, барлығы – 81 адам қа­тысқаны туралы дерек бар. Осы мәртебелі жиында ал­тайлық қазақтар атынан ба­рып сөз алған Сағадат Ша­ғи­марданов деген азамат Алтай губерниясы Бийск уезіне қарасты қазақтарды Қазақ автономиясының құ­рамы­на алу туралы ұсыныс айтып, онысы бірауыздан мақұлданған көрінеді.

Бұл деректен біз бийскі­лік ағайындардың ұлт мәсе­ле­сінде қырағылық танытып, сонау итарқасы қияндағы Алтайдан Орынборға келіп, жиынға қатысып, өздерін бүтін қазақтың құрамынан орын алуға деген талпынысын аңғаруға болады. Бірақ кеңес өкіметі орнауына байланысты Қазақ автономиясы жұмысын тоқтатып, бұл үміт ақталмады.

Осы жылдары Алтай губерниясы «Ойрат автономиясы» болып құрылып, қазақтар қазақша мектеп ашып бала оқытудың қамын жасады. Бұларға көмектесу үшін Алаш арыстарының бірі, семейлік Мәннен Тұрғанбаев 1932-1936 жылдары Ануйдағы жетіжылдық мектепте оқыту­шы болып жұмыс істеді.

Ал бұл қандастардың қазіргі ахуалына тоқталар болсақ, Черный Ануй ауылдық округіне қарасты Тұраты және Қарақол бөлімшелері бар. Тұраты ауылында түгелдей дерлік қазақтар тұрады. Олар жылқы көп ұстайды. Өлкенің шөбі шүйгін, топырағы құнар­лы. Бірақ мұнымен мәселе шешілмейді. Ендігі күрделі дүние – тіл және оқу мәсе­лесі.

Бұл ағайындардың рухани болмысына назар аударып, әсіресе мұсылманшылық әлеуетін көтерумен айналы­сып жүрген Таулы Алтай қала­сының тұрғыны Аманкел­ді Қобдабаев деген азамат бар. Жуықта бұл кісімен ха­барласқанымызда былай деп аманат айтты: «Бұл қандастар баяғыдан бері өз бетімен өмір сүріп үйренген жандар. Сырттан көмек-қолдау күтіп, қол жаятындар қатарынан емес. Сондықтан да болар Қа­­зақстанда болып жат­қан жақ­­сылық-жаңалықтардан бей­­хабар. Егер сіздер жақ­тан (Қа­зақстанды айтады) де­меушілер табылып, Отау ТВ немесе Алма ТВ-нің он шақты табақшасын әкеліп, 10 үйге орнатып кетсе болғаны. Сол арқылы «Ұлттық арна», «Балапан», т.б. рухани-ағартушылық хабар тарататын арналарды бір көрсетсе жетіп жатыр. Он жылдан кейін таза қазақ болып шыға келер еді». Ендеше, халқым дегенде түн ұйқысын бөліп, қазақ дегенде қабырғасы қайысатын азаматтар болса бұл соншалық қиын шаруа емес секілді.

Соңғы жаңалықтар

Дипломатияның даму жолдары

Саясат • Бүгін, 08:58

Сөз өнерінің суреткері

Қоғам • Бүгін, 08:50

Еңбек құқығы қорғалады

Еңбек • Бүгін, 08:45

Су басу қаупі жоқ

Төтенше жағдай • Бүгін, 08:40

Ауылға әл беретін несие

Ауыл • Бүгін, 08:30

Бағыты айқын «Respublica»

Партия • Кеше

Ауыл жоқшысы

Отбасы • Кеше

Парасатты полиция

Қоғам • Кеше

Іс көп, судья аз

Құқық • Кеше

Аспалы жолда абайла!

Аймақтар • Кеше

Апатты жағдайдың алдын алды

Төтенше жағдай • Кеше

Тасқынға – тосқын

Аймақтар • Кеше

Сағи жыры

Әдебиет • Кеше

Мәңгіліктің елесі

Әдебиет • Кеше

Ұқсас жаңалықтар