Әдебиет • 24 Қаңтар, 2023

Жұпарлы сөз, бояулы үн

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Поэзия дегенде табиғат пен болмыс ойға оралады. Мәселен, испан ақыны Хуан Рамон Хименесті оқи отырып сол елдің теңбілкөк аспанын, тұтас халықтың сезімтал жүрегі мен әсемдікке құмар болмысын көреміз. Ал Поль Верленді оқи отырып француз жұртының аңғал да саңғал ақжарма, бірде ақыл культын алға шығарып, бірде барлық қағидаттарды шетке ысырып тек жүрек әміріне мойынсұнатын ерке мінезін сезінеміз.

Жұпарлы сөз, бояулы үн

Қалқаман Сарин поэзиясы ұлттың ұяң, ұғымтал, дір етпе, тегеурінді, алып, асқақ болмысына суарылған. Онда жүректе алғаш бүр жарған киелі сәулеге ұқсас тазалық, кіршіксіз көңіл, түнекке дұшпан жарық менмұндалайды. Меніңше, поэзия – сырлы сөзден күмбез соғу емес, ақынды құнды ететін жүрек түбіндегі кіршіксіздік, әділет пен адалдық, мәңгіліктің шұғыласына жақындық дер едік.

Перісіз?.. Періштесіз?!.. Пендесіз бе?

Хат жаздым қалам алып мен де сізге.

Білмеймін,

Көктесіз бе,

Жердесіз бе?

Жоқ, әлде, ғайып болып кеттіңіз бе,

Түскен соң қайта оралып келмес ізге?..

 

Қозғасам, лаулайды өрттей дерт іштегі.

Қайтейін, жолықпадық, жол түспеді.

Ертемен қайық салсам айдынына,

Еркеме жеткізер ме Ертіс мені?

Ақын не жазса да соңғы өлеңіндей бар қуатын, бар қайрат-күшін, сезімін, сағынышын төгіп жазады. «Жұп-жұмыр, айналасы тегіс келген» өлеңнен халық ауыз әдебиетінің самалы еседі. Әлем әдебиетіндегі қайбір шоқтығы биік ақынның түбіріне үңілсек, ұлттық фольклорға, мыңжылдықтармен қалыптасқан ұлт қайнарына кезігеміз. Федерико Гарсиа Лорканың ұлтының терең шежіресіне бойлап, испан ауыз әдебиетінен нәр алғаны белгілі, табиғат ақыны Роберт Фрост поэзиясында ағылшын мінезі, дүниетанымы таңбаланған.

Сендегі Түн – сабырлы, Күн – баянды!

Сендегі сөз жұпарлы, үн бояулы!

Сендегі жалғыздық та сұлу сондай!

Сендегі сағыныш та, мұң да – аяулы!

 

Құбылтқан жасыл Жаздың гүзәл сәнін,

Қош келдің, Күз аңсарым, Күз аңсарым!

Соңғы рет көкжиекте жүзер сағым...

Сенің де келеді, әттең, ұзар шағың!..

«Күз аңсар» атты өлеңде Тәңірдің шебер жаратылысына терең тебірену, шұңғыма тамсану бар. Ақында жан-тәнімен сүйе отырып, сезіне отырып табиғат әсемдігін безбендеген жырлар көптеп кезігеді. Бірде «ауыл түнді жамылып ап, түгел тылсым көшке еретін» деп тұнжыр, қарт ауылдың суретін салса, бірде «сенен бір сәт көз жазып қалмау үшін, кірпік қақпай жүрер ем, мүлгімес ем!..» деп Үлбі сұлулығына қайран қалады. Ғұлама Руми «Ақылды адамға бұл өмір – ғаламаттарға тамсану орны, ал ақымақтарға – күйреу орны» деген болатын. Шынында, қасиетті кітаптарда әрбір табиғат құбылысының тілі бар екенін, адам әрбір Құдайдың жаратылысын сүймейінше, Құдайды сүйе алмайтынын жазады. Толстой: «Көзіне көрініп тұрғанды сүйе алмағандар, көрінбеген Тәңірді қалай сүйсін?» деген-тін.

Әлденеден қалғандай жараланып,

Мына әлемге соңғы рет қарап алып,

Қалт-құлт етіп Ертістің толқынында

Жаздың соңғы арманы барады ағып.

 

Жаздың соңғы күндері-ай,

Жан мұңайтқан,

Үнсіз көніп үкімге тағдыр айтқан

Кеткеніңмен,

Келерсің жыл айналып,

Ұмытпасаң болғаны жолды қайтқан.

Ертістің толқынында қалт-құлт етіп ағып бара жатқан жаздың соңғы арманын елестетіңіз. Ол қандай арман? Мүмкін өмірдің жалғандығын енді ғана сезініп, жаз ғұмырының пішіміне көңілі толмаған ақеділ жанның арманы болар? Мүмкін жаз арудың күздің суық саусағынан біржола ажырау туралы үміті шығар?

Қалқаман Сарин поэзиясы – жер бетінің інжу-маржанға толы қазыналарына жан беріп, жұрттың көзіне көріне бермейтін нәзік құбылыстарды тап басатын, адам жанын қопара жырлайтын кестелі поэзия. Ақын өткінші құбылыстар мен адам қолымен жасалған түбірсіз жалған ұғымдардан алыс. Адам нені іздесе соған айналатынын ескерсек, мәңгілік құндылықтарды жырлау арқылы ақын есімі тұмалыққа ғашық болашақ терезесімен қауышары анық.