Саясат • 22 Қаңтар, 2023

Ұлт басылымдары және масс-медиа заңы

2708 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баспасөз әлімсақтан, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Оның тарихын, кәсіби құзыретін көзі ашық қауым жақсы біледі. Газет шежіресін біреулер Юлий Цезарь заманында тақтайшаға бәдізделген Сенат хабарынан бастаса, енді біреулер VІІ ғасырда тақтайға ойып жазылған Қытай императорының жарлық-нұсқауынан өрбітеді. Тарих көзімен қарағанда, беріде – Қазақ хандығы тарих сахнасына көтерілер қарсаңда сонау Германиядағы Иоганн Гутенбергтің бас­паханасынан немесе байырғы түркі-қыпшақ ұлысының жері үшін қазақ пен жоңғар жан алысып, жан берісіп жатқан шақта қиырда дәстүрлі газеттің әуелгі пішіндік-мазмұндық нобайын қалаған француздың «La gazetta»-сынан бастап билік пен қоғам арасын жалғағаны сөзсіз.

ІТ яки цифрлық даму ғаламды бір қауызға сыйдырған дәуірде сындарлы әлем дәстүрге сүйеніп, газет пен журналды күресінге лақтырмай, рухани-ақпараттық азық етіп жатқаны қуантады. Бұған Жапонияның ондаған миллион тиражы бар газеттері, Ұлыбритания мен Германия халқының 55-58 пайызға жуығы мерзімді басылымға тұрақты жазылып отырғаны дәлел. Бірақ ықпалдасқан жаһан газет-журналдың электрон нұсқасын дамытуға да мол мүмкіндік туғызды.

Ресми 2023 жылдың 6 қаңтарынан бастап бұрынғы «Егемен Қазақстан» серіктестігіне қарасты басты ел газеті мен «Казахстанская правда» қалыптасқан оқырманы бар «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Ұйғыр авази», «Ақжелкен», «Ұлан», «Дружные ребята», «Балдырған», «Үркер», «Теңге монитор» басылымдарымен бірге «Қазақ газеттері» серіктестігі шаңырағы астына енді. Ескі де жаңа атау. Дәстүрлі ақпараттық бағыт һәм жоба. Осы дәстүр енді Әділетті Қазақстанның мүддесіне сай мазмұндық та, пішіндік те жағынан өзгеруі, өрістеуі қажет. Бұл – экономикалық қиын кезде елдік БАҚ-ты, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер басылымдарын мемлекеттің нақты қолдауы. Президент өткен жылы: «Қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Біз ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ еркіндік ойыңа не келсе, соны айту емес. Әрбір журналист ең алдымен мемлекетшіл азамат болуы керек», деп қалам ұстаған қауымды жігерлендіргенін жақсы білесіздер.

Биыл қилы күрделі үдерістерге байланысты отандық БАҚ үшін сынақ жылы болғалы тұр. Газет-журнал таралымы біршама түсті. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сын-қатерлерді ескере отырып, Үкіметтің қаржы саласымен бірлесіп мерзімді басылымдарды қолдаудың тетігін тапты.

Әрине, жаңа жағдайға байланысты еліміздің ақпарат саласы одан әрі дамиды. Атап айтқанда, күрделі кезеңдегі медиа бәсекелестіктің тиімді жолдары, басылымдардың уақыт шындығына бейімделу бағытындағы трансформациясы, тұтынушы аудитория үшін шынайы қызмет, материалды талдау мен ұсынудың заманауи пішіндері, т.б. жанданады.

Мұны Қазақстан қоғамы таяуда жалпы талқылауға ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жобасынан да байқап отыр.

Мемлекет басшысы өткен жылы 16 наурыздағы Жолдауында: «Мемлекет сұранысқа ие және мықты медианың ашық ақпараттық кеңістігін құруға ерекше назар аударады. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиасаланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет» деп мәселе көтерсе, бұл құжат – саланың әрі міндетін, әрі жауапкершілігін көрсетеді. Соның ішінде қоғам трансформациясы кезіндегі журналист мәртебесі, саланы қаржыландыруды реформалау, мемлекет пен қоғам арасындағы ақпараттық іс-қимыл айқындығы, БАҚ-ты тіркеу мен қорғаудағы өркениетті рәсім, телерадио хабарларын тарату мен интернет ресурстарды заманға сай жетілдіру, журналист құқын, мәртебесін, мүмкіндігін әлемдік тәжірибеге сәйкестендіру, ақпараттық дәстүрлі және заманауи ұғымдар мен аталымдарды мұқият біріздендіру, гранттық қаржыландыру мен субсидияның тиімді жобаларына қол жеткізу, мемлекеттік ұйым-мекемелер мен журналист сұранысы арасындағы регламентті нақтылау, интернет желілеріндегі жаңа ақпарат түрлері қызметін заңнама тұрғысынан реттеу, т.б. заңдық-құқықтық шарт, ереже, тәртіп, талап жүйесі ұсынылды. Осы орайда соңғы жылдары қоғамды дүрліктірген, кейде заңдық жауапкершілік деңгейі анықталмаған кибербуллинг, діни хабар таратудағы сыңаржақтылық, шетелдік БАҚ-тың елбұзар ұстанымы, интернет ресурстардағы дәлелсіз қаралау мен оспадарлық секілді ақпараттық бейдәстүрді тыятын заң баптары бар. Сонымен бірге мемлекеттік ұстаным мен елшілдік дәстүрді үйлестіретін орталық (мем­лекеттік) және өңірлік Ақпарат саясаты комиссиясы жұмысының да жаңа міндеттері байыпталған.

Дәстүрлі БАҚ-ты мемлекеттік және елдік қол­дауға қатысты заң баптарының көрініс тапқаны әріптестерімізді кәсіби қызметке, ортақ іске ынталандырады деп есептейміз. Жалпы, отандық заңдық нормалар жетілген сайын мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам арасындағы алтын көпір – масс-медианың мақсат-міндеті мен болмыс-бітімі ізгіленеді, сапаланады. Ұлт басылымдары осындай жауапты кезеңге қадам басты.