Саясат • 21 Қаңтар, 2023

Мәжіліс сайлауына қандай партиялар қатыса алады?

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясында өткен жиын барысында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыса алатын партиялар аталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс сайлауына қандай партиялар қатыса алады?

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген. Олар: «Қазақстанның Халық партиясы» (2002 жылы сәуір айында тіркелген); «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – (2000 жылы наурызда); «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» (2007 жылы қаңтарда), «AMANAT» партиясы (1999 жылы ақпанда), «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы (1999 жылы ақпанда), «Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы (2022 жылы қарашада), «Республика» партиясы 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. Барлық аталған саяси партиялардың жарлықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көрсетілген», деп түсіндірді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.

Айта кетсек, саяси партиялар партиялық тізімдерге саяси партияның мүшесі емес адамдарды ұсына алмайды. Бұл ретте, партиялық тізімге енгізілген адам бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша да ұсыныла алмайды.

«Партиялық тізімдер бойынша саяси партиялар осы шақырылымда мандаттар санының 50% мөлшерінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсына алады. Ол үшін Сайлау заңының 103-бабының 4-тармағына сәйкес, саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшылығының шешімі азаматтың партиялық тізімге енуіне келісім беру туралы өтінішімен бірге беріледі», Деп нақтылады Алма Мұқанова.