Қазақстан • 19 Қаңтар, 2023

Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

1927 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Бұл туралы Ақтөбеде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен жиын барысында белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды

Отырыста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Ақтөбе облысында атқарылып жатқан шаралар қаралды. Жарлық аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі жобалардың бірі – «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы.

Ақтөбе облысы Қазақстанда бірінші болып жобаны жүзеге асыруға кірісті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өтті. «Ауыл аманатына» дайындық барысында әр ауылдық округ бойынша скрининг жүргізіліп, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты санының нақтылануының арқасында облысымыз бүгінде Президенттің ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға дайын», деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Бірінші кезеңде облыстың 24 ауылдық округінде 2700-ден астам жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсаттарға 3 миллиард теңге бөлінді. Жобаның ерекшелігі - қолма-қол ақшамен қатар тауарлық несие беру. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы есебінен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындары несиені алған төлімен қайтарады. Бүгінгі таңда 42 жеке шаруашылыққа 650 бас ірі қара мал берілді. «Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінеді. 

Облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева жыл сайын облыс құс етінің 90 пайыздан астамын шетелден және еліміздің өзге өңірлерінен сатып алып, тек 5,4 пайызын отандық өнім есебінен қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Алдын ала есептеулер бойынша, осы және басқа да шараларды қабылдау нәтижесінде қазірдің өзінде 2023 жылы облысты отандық құс етімен қамтамасыз ету 31%-ға, 2024 жылы - 64%-ға, ал 2025 жылы 100%-ға дейін артады. Жалпы, жоба импортты кезең-кезеңімен қысқартуға, ішкі нарықты өз өндірісінің тауарларымен толтыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда облыстың барлық ауылдарында жобаны қамту үшін қосымша 58,6 млрд теңге қажет», деді ол.

«АМАNАТ» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдың өмір сүру деңгейін көтеруге баса назар аударғанын атап өтті. Алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «АМАNАТ» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты.

Оны жүзеге асыруға биыл 52 миллиард теңге бөлінген. Партия жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және қаржы бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе ашылды.

«Бұл біздің ауылдарды көтеруге көмектесетін нақты қадамдар. Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде жобаны пилоттық түрде іске қосу нәтижесінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есеге, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есеге, жұмыссыздық деңгейі 36 адамға қысқарды. «АМАNАТ» партиясы мен Үкіметтің міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын республика бойынша ауқымды ету. Сондай-ақ тұрғындарды жобаның барлық артықшылықтары туралы дұрыс ақпараттандыру маңызды. Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бағытында пәрменді шаралар қолға алынды. Ералы Тоғжановтың басшылығымен облыс жақсы нәтиже көрсететініне сенімдімін», деді Ерлан Қошанов.