Экология • 18 Қаңтар, 2023

Су тапшылығы қалай шешіледі?

766 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ғалымдар жылдан-жылға су көздері тартылып, шаруаларды құрғақшылық қысатынын ескертіп-ақ келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуелден әлемдегі, елдегі ахуалды басшылыққа ала отырып, суды үнемді пайдаланудың тетіктерін ұсынған. Есесіне, қазір өңірлерге су қоймаларын салып, жөндеуге, тозған каналдарды жаңартуға көңіл бөлінді.

Су тапшылығы қалай шешіледі?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шаруаларға көктемнен бастап күзгі жиын-терінге дейін көл-көсір қолдау көрсетіледі. Сондықтан судың көлемі азайды деп екі қолды бос қоймай, керісінше вегетациялық кезеңге ертерек қамданғаннан қайыр бар.

Су мәселесі күрделенгенін жауапты мамандардан бөлек, мұнар басын қар басып жататын таулы өлкенің тұрғындары айтудай айтып-ақ жатыр. Тауға қар аз түскен соң, судың мол болмайтыны белгілі.

ыв

Демек мұхиттардан қашық жатқан еліміз трансшекаралық өзендер мен ішкі сулардың әр текше метрін үнем­деп пайдалануға тиіс. Былтыр өзен бас­­сейндерінде, әсіресе елдің оңтүстік ай­мақ­тарында судың аз болуына қара­мастан, дер кезінде қабылданған шаралар­дан соң вегетациялық кезең тұрақты өтті. Бір жағынан шаруаларға ауа райы да қарайласып, жаңбыр жеткілікті мөлшерде түскені белгілі. Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, барлық су қабылдағыштан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше метр су келеді. Оның 11, 3 текше метрі немесе 97%-ы оңтүстіктегі 5 облысқа тиесілі. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жалпы суару алаңы 1,61 млн гектар немесе ел бойынша барлық алаңның 73%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурс­тарын басқару комитетінің дерегіне сүйен­сек, елде суармалы жерлердің аумағы 2,2 млн гектар болса, оның 1,6 млн гектары пайдаланылады.

Негізі Алматы облысында – 1,9 текше метр, Жетісу облысында – 1,4 текше метр, Түркістан облысында – 3,4 текше метр, Қызылорда облысында – 3,5 текше метр және Жамбыл облысында 1,1 текше метр су жиналады. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмыс жоспарын бекіткен. Сол межелі міндеттің шеңберінде біраз шаруа оң шешілген. Бірінші, жоғары су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша іргелес елдермен жұмыс жүргізілген. Екінші, трансшекаралық өзен бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану каналдарындағы жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстары уақ­ты­лы қолға алынған. Үшінші, суару же­­лісінің магистральдық және шар­уа­­шылықаралық каналдарын тазалау, қосымша жабдықтарды (сорғы қон­дырғыларын) сатып алу жайы пы­сық­тал­ған. Төртінші, ылғал көп қажет ететін дақылдар алқабын қысқарту (кү­ріш, мақта, пияз) жоспары қолға алынған. Бесінші, су үнемдеу технология­ла­рын ауқымды енгізуде ілгерілеу бар. Сондай-ақ көршілес елдермен, оның ішінде Қырғызстанмен ынтымақтастық шең­бе­рінде тауар алмасу және электр энергиясын коммерциялық негізде жет­кізу үшін жаз айларында 330 млн тек­ше метр көлемінде «Достық» каналы арқылы су беру мәселесін шешуге мүмкіндік туған.

Былтыр Бішкек қаласында тауар алмасу аясында электр энергиясын қай­тару кестесі келісілді. Қос тарап­тың сарапшылары Шу және Талас өзені бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құры­лыс­тарын аралаған. Осыдан бөлек, Тәжікстанмен Тоқтоғұлдан келетін «Бахри Точик» су қоймасы арқылы су көлемін өткізу туралы мәмілеге келген. Әрі «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс істеу шарттары келісілді. Осы шарттар Душанбе қаласында үшжақты хаттамамен (Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан) бекітілген.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары кас­­кады жұмысының болжамды режімі ке­лісілген. Соған сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде ағын 3,9 млрд текше метр көлемінде күтілген. Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша Шардара су қоймасына келетін ағын су 4 млрд текше метрді құрап, меже орындалған. Сонымен қатар былтыр Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 30-шы отырысында Талас өзенінің бассейні, мемлекетаралық каналдар бо­­йынша 500 млн текше метр, Шу өзенінің бассейні бойынша 220 млн текше метр су беру кестесіне қол қойылған. Ал ішкі су көздері бойынша жедел тапшылық сезілмей, су өтінімге сәйкес толық кө­лем­де берілген.

Тағы бір атап өтетін жайт, былтыр гидро­логиялық болжамдар не­гі­зін­­де трансшекаралық Сырдария өзе­ні­­нің бассейнінде күрделі су шаруа­шылығы жағдайы күтілген. Абырой бол­­ғанда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен қабылданған шаралар мен климаттық жағдайдың арқасында су шаруашылығы жағдайы тұрақталған. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына келетін ағын 2,5 еседен асқан. Бұл Шардара су қоймасын 5 млрд текше метрге дейін толтыруға және Көксарай контррегуляторына 822 млн текше метрге дейін су алуға мүм­кіндік бермек.

Осылайша, жаппай вегетация бас­тал­ғанға дейін Сырдария өзенінің арнасын толтыруға, суармалы жерлерді ылғалдандыруға көңіл бөлінеді. Көл жүйелері мен шабындық жерлер толады. Министрлік ішкі шаруаларға байланысты да бірқатар жұмысты уақтылы іске асырған. Алдымен трансшекаралық өзендердің бассейндерінде 5 322 су шығару құралдары қалпына келтірген. Енді осы үйлесімді шаруа тасымалдау кезінде судың шығынын 450 млн текше метрге дейін қысқартуға мүм­кіндік беріп отыр. Су шығынын азайтуға бағытталған жұмыстар мұ­нымен шектелмейді. Мы­салы, 1 512 ша­қырым магистральдық және шар­уашылықаралық каналдарды реконструкциялап, механикалық тазартудан өткізген соң, су шығынын 450 млн текше метрге дейін қысқарту мүмкін болды. Сол секілді суару үшін кол­лек­торлық-дренаждық суларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін 67 сорғы сатып алынса, 89 гидропост ав­то­маттандырылған. Енді гидропост ар­­найы байланыс арнасы арқылы дис­петчерлік пунктке ақпаратты (су дең­­ге­йін, шығыстарын туралы) жедел жол­дайды.

Оңтүстік өңірлердегі жергілікті әкім­дік­тер су мәселелеріне келгенде қол қусырып отырған жоқ. Мысалы Алматы, Жетісу облыстары бойынша (суармалы жерлердің ауданы 584,3 мың гектар) су ресурстарының тапшылығын қысқарту мақсатында облыс әкімдігі ылғал көп қажет ететін дақылдардың, оның ішінде Балқаш ауданындағы күріш егістігін 0,6 мың гектарға азайтқан. Облыстың барлық су қоймалары вегетациялық кезеңге бекітілген кестеге сәйкес жұ­мыс істеген. Каналдарды тазартып, су үнем­деу технологияларын енгізген. Мемлекетаралық пайдалану объектілері бойынша әуелі су беру кестесі бекітілді. Сумен қамтамасыз ету мақсатында жер­гілікті жерлерде Қырғызстанның Шу және Талас бассейндік су шаруашы­лығы басқармаларымен су көлемін белгілеуге қатысты тұрақты келіссөздер жүргізілген.

Түркістан облысы бойынша (суармалы жерлердің ауданы 550,5 мың га құрайды) биыл күріш алқабы 1,7 мың гектарға дейін қысқарды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,9 мың гектарға аз. Өзге өңірлердегідей мұнда да каналдар тазартылып, су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданысқа енгізіле бастаған. Су айналымы және суару кезегі ұйымдастырылған. Қызылорда облысында (суармалы жерлердің ауданы 254,1 мың гектарды құрайды) күріш алқабы былтыр 78,3 мың гектарға дейін қысқарды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға аз. Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеуге және бұрғылауға, сондай-ақ сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінген. Су тапшылығын азайту үшін 17 канал тазартылған. Жалпы, алдын ала қабылданған шаралар арқылы оңтүстік өңірлерде былтырғы вегетациялық кезең шығынсыз өтті.

Бүгінде министрлік алдағы веге­та­цияға уақтылы дайындалу мақса­тында 2023 жылға арналған жоспар әзір­ле­ген. Соған сәйкес шекаралас елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім, трансшекаралық өзен бассейндеріндегі мемлекетаралық каналдарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып, суару желісінің магистральдық және шаруашылықаралық каналдарын тазалау биыл да үзілмейді.

Онымен қоса, алдағы 5 жылға 1,7 текше метр көлемінде су жинақтау үшін 6 облыста (Ақмола – 1, Алматы – 1, Жамбыл – 3, Батыс Қазақстан – 2, Қы­зылорда – 1, Түркістан – 1) 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Есте болса, 2019 жылы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын айтқан еді. Сонымен қатар жаңадан 9 су қоймасы салынатыны белгілі болған. Келешекте салынатын су қоймалары 14 елді мекен (70 мың адам) үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, айналымға 195,3 мың гектар жаңа суармалы жерді енгізуге, ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Алдын ала есепке сәйкес 9 су қоймасын салуға шамамен 59,4 млрд теңге жұмсалады. Республикалық бюджет шеңберінде 2022-2024 жылдарға 11,3 млрд теңге көзделген. Жобалық-сметалық құжаттаманы толығымен аяқ­­тау үшін қосымша 700 млн теңге мөл­шерінде қаражат, ал 2025 жылға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын іске асыру үшін 47,4 млрд теңге қажет. Бұған дейін көпжылдық жоспарлы жұмыстар үйлесімді іске асса, көрші елдерге тәуелділікті аз да болса қысқартуға мүмкіндік бар екені айтылды. Мысалы, бірнеше жылда Қырғызстаннан 30%-ға дейін, Өзбекстаннан 25%-ға дейін және Ресейден 15%-ға дейін суға тәуелділікті қысқартуға болады.

Арналарды реконструкциялау бо­йынша жұмыстар үзілмейді. Жалпы 5 жыл ішінде 7 облыста кемінде 120 канал реконструкциядан өтеді (Алматы – 21, Атырау – 6, Шығыс Қазақстан – 12, Батыс Қазақстан – 9, Қарағанды – 6, Қызылорда – 26, Түркістан – 40). Бұл 2025 жылға қарай суармалы алқапты 2,2 млн гектарға дейін жеткізуге және суармалы судың шығынын жыл сайын 800 млн текше метр­ге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қабылданған шаралар ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл са­йын 510 млрд теңге сомасына өнім беруге ықпал етуі әбден мүмкін.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменованың төрағалығымен өткен кеңесте Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы талқыланған еді. Мәселенің негізгі мән-жайы Тоқтоғұл су қой­масында (Қырғызстан) ағынның ұл­ғаюына байланысты 2022 жылғы қа­зан­нан желтоқсанға дейін Шардара су қоймасына ағын ұлғайды. Бұдан келетін қауіп жайында сушылар, сарапшылар әлеуметтік желіде біраз ой қозғады. Тағы да талдауларға жүгінсек, мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының болжамды кестесі бойынша орта есеппен желтоқсан айында Шардара су қоймасына ағын секундына 880 текше метр деп белгіленді, нақты ағын шамамен 1 400 текше метр немесе болжамды кестеден 520 текше метрге артық болды. Биыл 10 қаңтарда Шардара су қоймасының нақты көлемі 4 070 млн текше метрді (жобалық көлемнің 78%-ы) құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 683 млн текше метрге артық. Расында да Шардарада алаңдайтын, жедел шара қабылдауды қажет ететін жағдай қалыптасып отыр. Сол үшін де министрлік Шардара су қоймасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында былтыр 13 желтоқсаннан одан су ағызу көлемін 500-ден 700 текше метрге дейін, 15 желтоқсаннан 800 текше метрге дейін, 19 желтоқсаннан 900 текше метрге дейін ұлғайтқан. Тіпті 2023 жылғы 4 қаңтардан 1 мың текше метр көлемінде су төменге кетуде. Кейінгі тәулікте «Бахри-Точик» су қоймасынан (Тәжікстан) су ағынының азаюына байланысты Шардара су қоймасына келетін ағын айтарлықтай төмендеген. 10 қаң­тар­дағы жағдай бойынша ағын секундына 933 текше метрді құрап отыр. Бүгінде Шардара су қоймасынан суды қауіпсіз ағызу мақсатында министрлік тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Ведомство елді мекендерді су басу қаупі жоқ деп ресми мәлімдеме де жасады.

Әрине, жыл сайын трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемі жет­кілікті бола бермейді. Әдетте ауыл шар­уа­шылығына су ауадай қажет уа­қытта көрші елдердің шаруалары да жанталасып, суды қыса бастайды. Енді су жүйелері жаңартылып, су қоймалары салынса, осындай беймезгіл уақытта келген суды жинауға да мүмкіндік мол болады.