Білім • 04 Қаңтар, 2023

Әскери қызметшілер мамандық бойынша дайындықтан өтті

395 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Қарулы күштерінде мамандық бойынша дайындық сабақтары аяқталды. Әр оқу кезеңінің басында өткізілетін бұл шара жауынгерлік дайындық бағдарламасының негізгі кезеңі саналады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери қызметшілер мамандық бойынша дайындықтан өтті

Мамандық бойынша дайындық әскери қызметшілердің лауазымдық міндетіне сәйкес оқудан өтетін сабақтар кешенін қамтиды. Ол әскери-есептік мамандықты, ұрысқа қажетті дағдыларды, сондай-ақ қару-жарақпен және әскери техникамен сауатты жұмыс істеуді игеруге негізделген.  

Әскери бөлімдерде жеке дайындықтар штаттық-лауазымдық міндетіне сәйкес тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен жүзеге асырылды. Сабақтар оқу-әдістемелік және көрнекі құралдарды пайдалана отырып, қару-жарақ пен әскери техникада, оқу сыныптары мен полигондарда өткізілді.  

Механик-жүргізушілерді, көздеуші-операторларды, пулеметшілерді, граната атқыштарды, өрт сөндірушілерді және бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын анықтайтын басқа да мамандарды даярлау мақсатымен жеке топтар құрылды.  

Бөлімше командирлері ұрысты ұйымдастыру, атысты басқару, қаруды қалыпты ұрысқа келтіру және жауынгерлік даярлық пәндері бойынша сабақтар өткізу әдістемесін пысықтады.  

Жауынгерлік даярлықтың барлық пәндерінен практикалық дағдыларды жетілдіруге, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға, әдістемелік білімді арттыруға және қатаң жарғылық тәртіпті сақтауға ерекше назар аударылды.  

Оқу аяқталған соң әскери қызметшілер сынақтар мен емтихандар тапсырып, нәтижесіне сәйкес штаттық техникамен және қару-жарақпен жұмыс істеуге рұқсат беріледі.  

Жауынгерлік дайындықтың келесі кезеңі жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде бөлімшелердің, бөлімдердің, құрамалардың және басқару органдарының бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру жүзеге аспақ.