Ауа райы • 31 Желтоқсан, 2022

Қаңтар айына арналған ауа райы болжамы

555 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаңтардың бірінші онкүндігінде Қазақстанда қарқынды Атлантикалық және Оңтүстік циклондардың әсерімен тұрақсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар айына арналған ауа райы болжамы

Республиканың солтүстік жартысында қарқынды қар жауып, бұрқасын болжанады, оңтүстік жартысында - жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар), оңтүстік және шығыс аудандарында қатты жауын-шашын жауы мүмкін. Республиканың оңтүстік-батыс жартысында тұман және көктайғақ болуы ықтимал. Белсенді циклондармен Қазақстанның басым бөлігінде желдің күші 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с-дейін күтіледі.

Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы түнде -15-25°С-тан         -3-12°С-қа дейін, күндіз -7-15°С-тан 0,-8°С-қа дейін; еліміздің оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -5-15°С-тан -5+2°С-қа дейін, күндіз 0,-8°С-тан +1+8°С-қа дейін ауытқиды деп болжануда.

Еліміздің батыс аудандарында ауа температурасы түнде -5+5°С-тан -15-25°С-қа дейін, күндіз -3+8°С-тан -10-20°С-қа дейін біртіндеп төмендеуі күтіледі. Бірінші онкүндіктің соңында Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклонның әсерінен ауа температурасы түнде -20-30°С-қа, күндіз -10-18°С-қа дейін, республикамыздың оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығысында түнде -10-20°С-қа, күндіз -5-15°С-қа дейін төмендеуі болжанады.

Консультативті болжамға сәйкес 2023 жылдың қаңтар айының екінші және үшінші онкүндігінде  Қазақстанның басым аумақтарында ауа райы жиі өзгеруі, аязды күндер жылы күндермен ауысып, қарлы боранмен, бұрқасынмен және екпінді желмен күтілуде.

Оңтүстік циклондардың әсерінен қарқынды жылу толқындары байқалады, бұл кезде ауа температурасы еліміздің солтүстік жартысында күндіз -5+2°С-қа, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында күндіз +2+12°С-қа дейін жоғарылайды.

Ал солтүстік-батыс антициклонның енуіне байланысты карқынды суық толқындар болжанады, бұл кезде ауа температурасы республикамыздың солтүстік жартысында және орталығында түнде -25-35°С-қа, күндіз -15-25°С-қа дейін, оңтүстік жартысында және оңтүстік-батысында түнде -12-22°С-қа, күндіз -3-15°С-қа дейін төмендейді.